Қоғам

Өңірде Крещение мейрамына дайындық жүргізілуде

Ондағы мұз қабаты орта есеппен небары 32 сантиметр көрінеді. Бұл суға түсушілер үшін қауіп тудыруы ықтимал. Оның үстіне, мұздай суға үйренбеген ағза да аяқ астынан сыр беруі мүмкін. Сондықтан, мейрамды атап өту кезінде жедел жәрдем мен төтенше жағдайлар департаментінің құтқару қызметтері бар күшін жұмылдырмақ.

Виктор Держанский – “СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы” ММ жетекшісінің орынбасары:


– Шомылу үшін арнайы белгіленген жерлерде ғана ойықтар жасалады. Онда баспалдақ пен қауіпсіздік үшін жабдықталған себет болады. Мұз бетіне ыдысын суға толтырғысы келгендер мен шомылушылар шығады. Бәрі бақылауда болмақ. Биыл қала маңында Есіл өзенінің бойында 6-7 ойық болады. Ал, бұл рәсімді өңірдің 9 ауданында су қоймаларында орындаса, қалған аудан тұрғындары шіркеуде жүзеге асырады.

Осы қыс теріскей халқы үшін қытымыр мінезін танытуда. Ақ ұлпа жерге түскелі облысымызда 6 рет төтенше жағдай жарияланған. Ол күннің күрт суытуы, қатты жел тұрып, көктайғақ орын алған кездер. Мұндай жағдайларда ауа райын болжау орталығы тұрғындары әрқашан құлақтандырып отырады.

Асхат Бакишев, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Ауа райының күрт бұзылуы жайлы хабарламаны бір мезетте 400-500 мың абонент алады. Осы қыста мұндай ақпарды 6 рет тараттық. Айту керек, қыс басталғалы қалың қардың салдарынан өңірде 175 көліктің апаттық кідірісі орын алған. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы жолдардың бойында 240 жылы бекет бар.

19-шы қаңтарда таңертеңгі 7:30-дан кешкі 20:30-ға дейін қаланың сыртында Есіл өзеніндегі суға түсу ойықтарының маңында 4 арнайы жабдықталған техника және 26 құтқарушы мен 2 медициналық қызметкер кезекшілік етпек.

Акбопе Танирберген