МТРА жаңалықтары

Білім саласындағы мәселелер облыстық әкімдікте талқыланды

Өзге оқу орындарында біртіндеп сыни тұрғыдан бағалау жүйесі, үштілділік моделі қолданылуда. Өзге ұлттың өкілдері бұдан былай Қазақстан тарихын тек қазақ тілінде оқитын болады. Ал жоғары сыныптардағы кейбір сабақтарды таза ағылшын тілінде өткізу жоспарланған. Осы тұста педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін ұдайы жетілдіріп отыру маңызды.

Шолпан Каринова – СҚО білім басқармасының басшысы:


– Жасыратыны жоқ, біраз мектептерде оқушылардың білім деңгейі көңіл көншітпейді. Сондықтан, біз аудандық білім бөліміндегілермен бірлесіп ол мектептерді жіті бақылауға алдық. Биыл 800-ден астам мұғалім бірінші, екінші, үшінші деңгейлі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Бұдан бөлек оқытушыларға түрлі семинар, тренингтер ұйымдастырамыз.

Жиын барысында өңір жетекшісі әлі күнге дейін түйіні тарқатылмаған мәселелерді шешуде білім басқармасы мен білім саласындағы бақылау департаменті тығыз жұмыс жасау керектігін айтты. Соңғы ведомствоның басшысы Ерлан Әбілдинов қазақ тілі, Қазақстан тарихы және математика пәндеріне ерекше көңіл аудару қажет деді.

Ерлан Әбілдинов – СҚО білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы:


– Келешекте кәсіптік-техникалық мамандықтарға сұраныс артады. Сондықтан, мектептер мен колледждерде жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге басымдық беру қажет. Сәйкесінше, осы бағытта мұғалімдердің де біліктілігін жоғарылатқан дұрыс. Ең дұрысы, математика пәнін оқушыларға бастауыш сыныптардан бастап жақсы меңгерту керек. Сонда олардың басқа пәндерге ынтасы артады. Кембридж бағдарламасы бойынша деңгейлік оқыту курстарынан өткен мұғалімдерге қатаң талап қою қажет. Өйткені, олардың жалақысы 30-40 пайызға көтерілуде.

Сондай-ақ, жиын барысында педагогикалық еңбек ардагерлері де кейінгі ізбасараларына кеңестерін беріп, түйіні тарқамаған мәселелерді шешу жолдарын айтты.

Раиса Полищук – “Арадагерлер сапалы білім үшін” ҚБ төрайымы:

– Қазіргі заман талаптарын ескере отырып, бүгінгі білім сапалы, тұрғындарға қолжетімді және тиімді болуы қажет. Осы үш негізгі бағытты ұстансақ айтарлықтай нәтижеге қол жеткіземіз. Мектеп, колледж директорлары мен педагогтар жаңашылдықтарға жылдам бейімделуі тиіс. Мектепті басқаратын адамды қалай болса солай таңдамау керек. Мектеп директоры сауатты, білімді, бойында көшбасшылық, ұйымдастырушылық қасиеттері болуы қажет.

Аймақ басшысы білім саласының қазіргі жағдайын бағамдаған соң тиісті ведомство басшыларына, орынбасары Анархан Дүйсеноваға қордаланған мәселелерді дер кезінде жою жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 

– Еңбегі сіңген, жоғары көрсеткішке қол жеткізген мектеп директорлары мен мұғалімдердің ғана еңбегін лайықты бағалау қажет. Өңіріміз білім сапасы бойынша республикада 10-шы орында. Бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Мен бүгін сіздерді сөгу үшін жинаған жоқпын, біз қазір болып жатқан жағдайды бағамдап, осы саладағы мәселені бірлесіп шешу керекпіз.

Өңір жетекшісі тиісті ведомство басшыларына аталған мәселелер бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Осылайша, бүгінгі жиынға қатысушылар бір айдан соң тағы кездесетін болып келісті.

Берик Касен