Өнеркәсіп

Бескөлдегі “Ахмутдинов” ЖК өткен жылы 350 тонна еуро отын әзірлеген

Ағаш қалдықтарынан заманауи технологияның көмегімен әзірленетін бұл өнімдер экологиялық тұрғыдан таза. Ал, жылу тиімділігіне келер болсақ, көмірден кем түспейді. Мұнда тәулігіне 10 тоннаға жақын еуро отын дайындалады екен. Кәсіпорын былтырғы жылы аталмыш тауар түрінің 350 тоннасын әзірлеп, соның бәрін де саудалап, 6,5 миллион теңге пайда тапқан. Елімізде еуро отынға деген сұраныс жоғары дейді кәсіпкер Сермұхамед Оралұлы. Сол себепті, алдағы уақытта тың дүниені шетел нарығына шығару ойда бар.

Сермұхамет Оралұлы – «Ахмутдинов» ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Біздің еуро отынға Финляндия елінен әріптестеріміз қызығушылық танытуда. Олар бізге Жаңа жылдың алдында келіп тауар түрімен танысып кетті. Енді алдағы уақытта әріптестік орнатамыз.

“Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі былтырғы жылы жалпы 750 текше метр ағашты іске жаратқан. Одан еуро отыннан бөлек тауардың 50-ден аса түрі әзірленіп, еліміздің барлық аймақтарына саудаланыпты.

Сермұхамет Оралұлы – «Ахмутдинов» ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– 2015 жыл ағаш өндірісімен айналысатын шаруашылықтар үшін өте ауыр болды. Неге десеңіздер жауын-шашын мол болғандықтан біраз жұмысымызға кедергі келтірді. Соған қарамай біздің кәсіпорын 25 мың текше метр ағаштың 30 пайызын іске асырды.

Жалпы мұнда 56 адам жұмыс істейді. Оларға ай сайын 70 мың теңге маңайында жалақы төленеді. Осы кәсіпорыннан екі қолға бір күрек тапқандардың бірі – Мейірхан Қасымов. Оның мұнда еңбек еткеніне 9 жылдан асқан.

Мейірхан Қасымов – «Ахмутдинов» ЖК жұмысшысы:

– Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Табысымызда жаман емес. Енді келешекте кәсіпорынның дамығанын қалаймыз.

Сондай-ақ, “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі өз қарамағындағы жұмысшыларды баспанамен де қамтып отыр. Оларға арналып 2014 жылы 11 пәтерлік 7 үй салынған. Мұнда биыл да бірнеше баспана тұрғызу жоспарлануда.

 

Култанов Байболат