Құқық қорғау органдары

Қаңтар айының басында Петропавлда үй тонаумен айналысқан 3 ұры ұсталды

Ер адам кейуанадан ақша талап етіп, зейнеткерге қол жұмсай бастаған. Жәбірленуші одан әрең дегенде қашып құтылып, көршілеріне барып дереу полиция бөлімшесіне қоңырау шалады. Алайда, тәртіп сақшылары оқиға орнына жеткенше, қас қағым сәтте әлгі пысықай ізін суытып үлгерген. Ол үй ішіндегі мүліктерді ақтарып, әжейдің 30 мың теңгесін, ұялы телефонын қолды еткен. Бірнеше сағат өткен соң жедел топ ізін суытпай күдіктіні ұстады.

Жәбірленуші:

– Мен полиция бөлімшесіне барып оны бірден таныдым. Және маған қол жұмсаған қылмыскерді тәртіп сақшылары ұстап алғанына қуандым. Өйткені, ол бостандықта жүрсе, менің көңілім орнында болмас еді.

Тергеу барысында анықталғандай күдікті Қызылжар ауданының 36 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұрындары ұрлық жасағаны үшін сотталған.

Қымбат Сейпиева – Петропавл қалалық ІІБ бірінші полиция бөлімінің тергеушісі:

– Әккі қылмыскерден зейнеткердің үйінен ұрланған ұялы телефон тәркіленді. Қазір оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті үштен жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

Осыған ұқсас қылмыс Шухов көшесіндегі үйлердің бірінде де орын алыпты. Онда бейтаныс адам үйді жалдап тұрушыға өзін баспана қожайынының ұлымын деп таныстырып, ішке кірген. Алайда, әйел адамның шошынған қатты айқайынан қорқып кетіп, ізін суытқан. Десе де бұзақы алыс ұзай қоймады. Оны тәртіп сақшылары сол маңнан ұстады.

Берік Қасен