Спорт

Облыста “Мен чемпион” жобасының екінші кезеңі аяқталды

Бұлардың барлығы – сайыстың алғашқы кезеңінде, яғни мектепішілік жарыста сүрінбей өткен құрамалар. Жалпы бүгінгі бақталастық ешкімге оңай болмайды деп сендіруде төрешілер.

Қайырлы Мұқатанов – жарыстың бас төрешісі:

– Командалар мұнда 6 конкурсты бағындыру қажет. Олар былтырғы жылмен салыстырғанда өзгеше.

Төреші ысқырығы шалынып, алғашқы эстафета басталды. Алаңда көк жейдеде Совхозная орта мектебінің “Спорт” командасы мен ақшыл жасыл киімдегі – Бескөл орта мектеп гимназиясының “Динамо” құрамасы. Алдарына жан салмаған ойыншылар, әзірше бір-біріне дес берер емес. Бастысы бұл сынақта жасөспірімдер жылдамдығы мен ептілігін танытулары қажет.

Алаңда бәсеке қыза түсуде. Кімнің жеңіске жететіні ешкімге белгісіз. Қос команда да бір-біріне тең. Ал жанкүйерлер болса өз құрамаларына үлкен қолдау көрсетуде.

Сонымен алғашқы эстафетада “Спорт” командасы есе жіберіп алды. Дейтұрғанымен, құрама ойыншылары еш мұңаймаймыз, қалған сайыстарда барымызды салып жеңіске жетеміз деп жігерленуде.

Виктория Романова – “Спорт” командасының мүшесі, Совхозная орта мектебі, Қызылжар ауданы:

– Біз бұл жобада жеңіске жеткіміз келеді. Бірақ, аяқтан шалатын қарсыластар өте мықты. Оның үстіне эстафеталар ауыр. Бірақ, оның барлығын ұжыммен бағындырып, тұғырдың биігінен көрінеміз деген ойдамын.

Ал бұл тоғыз құраманың ішінде жақсы өнер көрсетіп, ең жоғарғы ұпай жинаған команда “Мен чемпион” жобасының облыстық кезеңінде Қызылжар ауданының намысын қорғамақ.

Риат Шони