МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Қазақстандағы Литва Республикасы елшісінің уақытша міндетін атқарушы Адомас Давалгамен кездесті

Өңірде ауыл шаруашылығы, машина жасау саласы қарқын алған. Айта кеткен жөн, алғашқысына айрықша басымдық берілуде.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз республика бойынша бидайдың 3-тен бірін береміз. Биыл 5,5 млн тоннаға жуық егін жинадық. Ауыл шаруашылығында атқарылған жұмыстар жалғасын табады. Қазір өңірге шетелдік инвесторлар көптеп келуде. Индустрияландыру жобасы аясында алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге қатысты бірқатар жобалар іске асырылады.

«Жүз рет естігенше, бір рет көр» деген қағиданы ұстанған еліміздегі Литва Республикасы елшісінің уақытша міндетін атқарушы Адомас Давалга Петропавлға алғаш рет келіп отыр екен. Сондықтан, ол күні кеше жергілікті жастармен және түрлі ұлт өкілдерімен кездесіпті. Жиында мейман қаланың тарихымен жіті танысқанын жеткізіп, облыстың экономикалық даму қарқыны жақсы екендігін айтты.

Адомас Давалга – Қазақстан Республикасындағы Литва Республикасы елшісінің уақытша міндетін атқарушы:

 


–  Осында келудегі басты мақсат – ол тәжірибе алмасу. Біз бүгін Ассамблеяның жұмысымен танысып, оның шынымен де ұлттар мен ұлыстарды біріктірудегі тың институт екендігіне көзімізді жеткіздік. Солтүстік Қазақстан облысымен бірқатар салада жұмыс істеуге болатындығын көріп отырмыз. Оны алдағы уақытта форум өткізіп талқылауға да болады.

Өңірде соңғы жылдары инвестиция тартуға да көп көңіл бөлінген. Аталған жұмыстар оң нәтижесін де беруде. Сондықтан, бұл литвалық меймандардың қызығушылығын тудырып отыр.

Магжан Ахмадина