Спорт

Петропавлдық «Құлагер» ХК жеңісті жолын жалғастыруда

Кездесудің алғашқы периоды қақпаға бағытталған соққыларға емес, бейтарап аймақтарда шайбаға таласқа толы болды. 20 минуттықтың соңына қарай қонақтар ойын тәртібін бұзып, алаңда 4 ойыншымен қалды. Мұны үшінші бестіктің қорғаушысы Руслан Ибатуллин бірден пайдаға асырды.

Ал екінші периодта ойын айдын иелерінің басымдығымен өтті. Құлагерліктер бұл 20 минуттықта қарсыластарының қақпасына 17 рет соққы бағыттаған, алайда оның барлығын рудныйлық қақпашы Антон Тодыков кері қайтарды.
Қонақтар өздері туғызған ұтымды сәтті пайдаларына асыра алды. Екінші периодтың ортасына қарай Вадим Стрельчук петропавлдық қақпашы Джон Мюррейден айласын асырды.

Кездесудің үшінші периодында рудныйлықтар алға шықты. Бұл жолы 41-ші минутта екінші бестіктің шабуылшысы Сергей Банашков ерекшеленді. Бұған жауапты құлагерліктер бірден Данияр Хасеновтың көмегімен қайтарды. Айдын иелері он минут өткеннен кейін алға шықты. Бұл жолы финдық қорғаушы Тони Видгрен өзінің дәл соққысымен Антон Тодыков қорғаған қақпаның артындағы қызыл шамды үшінші рет жақты.

Ойынның соңғы минуттарында «Горняктың» бапкерлері қақпашысын алтыншы ойыншыға алмастырып, шабуылдарын үдете түсті. Алайда, құлагерліктер бұған төтеп беріп, соққы жасауға ұмтылған рудныйлықтардың өз қақпасына шайба салып берді. Жеңіс голдың авторы – команда капитаны Ильгиз Нуриев.

Ал бұл – қос команда арасындағы қарымта кездесу. Ойынның көп бөлігі бірінші матч секілді шайбаға таласпен өтті. Дегенмен, алғашқы периодтың аяқталуына үш минут қалғанда құлагерліктер есеп ашты. Шайба авторы – алғашқы бестіктің шабуылшысы Анатолий Васильев. Рудныйлықтар қарымта шабуылдар ұйымдастырғанымен уақыт жетіңкіремей, бірінші период өз мәресіне жетті.

Екінші периодты құлагерліктер белсенді бастады. 22-ші минутта үшінші бестіктің шабуылшысы Игорь Валеев әріптестері Антон Дубинин мен Иван Ивановтың арқасында өз туған күнін салынған шайбамен тойлады.

Өз кезегінде қонақтар бұған жауап ретінде тек қауіпті сәттер ғана туғыза алды. Ал үшінші кезеңде болса рудныйлықтар өздерінің соңғы күштерін шабуылға жіберді. Бірақ, айдын иелері сауатты қорғана біліп, жеңіске жетті. Айту керек, қақпасын дін аман сақтаған петропавлдық кипер Джон Мюррей бұл кездесуде қарсылас команданың ойыншылары бағыттаған 35 соққыны кері қайтарды.

Игорь Валеев – «Құлагер» ХК шабуылшысы:


–  Қарсылас команда өте жақсы. Олармен қатарынан төртінші кездесу өткізіп отырмыз. Қос ойында да жеңіске жетіп, 6 ұпай еншіледік. Бапкердің жүкетеген тапсырмасын орындадық деп ойлаймын.

Ал бұл сәтсіз сериядан кейін қонақтар 54 ұпаймен турнирлік кестеде сегізінші орында тұрақтап тұр. Ал ойын соңында рудныйлық “Горняк” хоккей клубының бас бапкері Евгений Зиновьев кездесу жайында өз ойын білдірді.

Евгений Зиновьев – «Горняк» ХК бас бапкері, Рудный қаласы:

– Біз неге ұтылып қалдық? Оған себеп “Құлагер” командасының сапында жарақат алған ойыншылар аз. Ал бізде негізгі құрамның жартысы әлі көп уақыт бойы айдынға шыға алмайды. Ал жалпы шәкірттерімннің өнер көрсеткені көңілімнен шықты. Тек ұтымды сәттерді кәдеге жарату қажет.

Өз кезегінде жерлес команданың бас бапкеріне де тілшілер қауымы сұрақтарын жаудырды.

Вячеслав Белан – «Құлагер» ХК бас бапкері:

– Жігіттерге тағы бір мәрте алғысымды айтқым келеді. Оңай емес қос кездесуде 6 ұпайды қоржынға салды. Бапкердің жүктеген тапсырмасын толығымен орындады. Екі аптаға жуық уақыт ойнаған жоқ. Сол себепті, тартысты өнер көрсету қиынға соқты. Дегенмен де біз жеңіске жеттік.

Кезекті жеңістен кейін жерлестеріміз 65 ұпаймен 5-шіден 4-ші орынға көтерілді. Ал жерлестеріміздің келесі кездесуі Спорт сарайында қаңтардың 13-і мен 14-і күндері өтеді. Онда петропавлдықтар елордалық «Астана» хоккей клубын қабылдайды.

 

Риат Шони