Мәдениет

Петропавлда татар әндерінің кеші өтті

Татарстандық мейман өзінің нәзік үнімен бірнеше халық әндерін паш етті.

Эльмира Гильфанова – әнші, Татарстан Республикасы:


–  Біріншіден, ұйымдастырушыларға мың алғыс. Бізге Қазақстанға келіп, сахнасында өнер көрсетуге мүмкіндік берді. Біз үшін халықтың көңілінен шығу өте маңызды. Қазақ елінде болған татарстандық өзге өнерпаздар бізге бұл жақтың көрермендерінің алдында өнер көрсету ұнайды, олар өте мейірімді деп айтқан еді. Енді міне соған өзіміз де көз жеткіздік. Қуаныштымын.

Ал бұл – Башқұртстаннан келген ағайынды Юнусовтар. Олар Солтүстік Қазақстанның сахнасына осымен екінші рет шығып отыр. Бүгінгі кешке Айдар мен Алмаз Юнусовтар қолдарына баяндарын алып, қатарынан 10-ға жуық авторлық әндерін орындады. Би де билеп, көрерменге әзіл әңгімелерін де айтып отырды.

Алмаз Юнусов – әнші, Башқұртстан Республикасы:

– Мынау татар халқының ұлттық музыкалық аспабы – тальянка. Ағамыз екеуіміз қолымызға оны 3 жыл бұрын алдық. Атамыздың көзі ғой. Ауылымыздың барлық мерекесі осы аспаппен өтетін. Біз де бәрінен қалыспай, үйреніп алдық.

Айдар Юнусова – әнші, Башқұртстан Республикасы:


–  Біз Уфадағы өнер мектебін, кейін академиясын бітірдік. Өлең мен әнді де өзіміз жазамыз. Бүгінде көптеген іс-шараларға шақырту аламыз. Петропавлға, міне, осымен екінші рет келіп отырмыз. Бүгінгі кеште біз авторлық және ұлттық әндерді орындаймыз. Баянмен де, тальянкамен де шығамыз.

Айту керек, бұл – Петропавлда өткізіліп жатқан татар әндерінің 5-ші концерті.

Ильдар Сисанбаев – “Дуслык” СҚО татар-башқұрт орталығы төрағасының орынбасары:

– Бұл концертті біз жыл сайынғы дәстүрге айналдырдық. Жаңа жылдан кейін, қаңтар айында солтүстікқазақстандық татарлардың басын қосамыз. Биылғы шараға, тіпті екі мемлекеттен арнайы қонақтар шақырдым. Олардан бөлек сахна төріне жергілікті өнерпаздар да шықты. Кешіміз өте көңілді өтуде. Халыққа ұнап жатқан сияқты.

Тыңдармандар кештен ерекше әсер алды.

–  Бүгінгі күнді асыға күттім. Өзімнің туған тілімдегі әндерді тыңдап, құлағымның құрышын қандырдым. Ұйымдастырушыларға рахмет.

– Келген қонақтарға алғысым шексіз. Дауыстары, татар әндерін орындау шеберліктері керемет. Әсіресе, ағайынды Юнусовтардың өнері қатты ұнады.

Айгерим Ержанова