Қоғам

Петропавл көшелерінен өткен жылдың қазан айынан бастап 178 мың текше метр қар шығарылған

Ол үшін компанияның 13 бірлік техникасы және “Коммунхоз Петропавл” серіктестігінің 10-ға жуық қызметкері жұмылдырылған. Бір күннің ішінде мұндағылар шаһар сыртына 6 мың текше метрге дейін қар шығарады.

Алексей Бережной – “СУ-808” ЖШС директорының орынбасары:


–  Қазір біздің серіктестік жұмысшылары көшелердегі қарды тазалауға білек сыбана кіріскен. Алайда, шаһар тұрғындары жұмысымызға кей уақытта кедергі келтіріп, жол шетіне өздерінің көліктерін қалдырып кетеді. Дегенмен, біз машина иелерін тауып шаруаны дер кезінде тындырудамыз.

Жалпы, Петропавл қаласының көшелерінен өткен жылдың қазан айынан бастап 178 мың текше метр қар шығарылыпты. Бұл істі жергілікті 6 бірдей кәсіпорынның жұмысшылары атқарған. Олардың 5-еуі көлік жүргізушілерінің қозғалысына кедергі келтірмес үшін түнгі уақытта жұмыс істейді.

Сейілжан Тастеміров, Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

–  Қаладағы барлық көшелер қардан тазартылатын болады. Қазір М. Жұмабаев көшесін ақ ұлпадан арылтсақ, кешке Батыр Баян және Потанин көшелерінде жұмыс істейміз.

Сондай-ақ, Петропавл қалалық әкімдігі мамандарының сөзінше көктайғақтың алдын алу жұмыстары да үнемі жүргізіліп тұрады. Бұл мақсатта аялдамалар мен тротуарлар бойына құм немесе тұз төселіп отырады екен. Алайда, тұрғындардың бұған айтар өз пікірі бар.

–  Қазіргі уақытта көктайғақтың қаупі аялдамаларда басым. Тұрғындар автобус келіп тоқтағанда жерге қатқан мұздың салдарынан көлікке бірден кіре алмайды. Бұл балалар мен зейнеткерлерге қиын.

– Коммуналдық қызметкерлер қарды уақытылы тазартып тұрады. Бұл істеріне оларға зор алғыс. Алайда, жолдарға құм немесе тұз төсесе жақсы болар еді.

Петропавл қаласының көшелерін ақ ұлпадан тазарту жұмыстары сәуір айына дейін жүргізіледі.

 

Култанов Байболат