Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл 1-ші қаңтардан өңірде жергілікті полиция қызметі жұмысын бастады

Жалпы облыс орталығында мынадай 6 бірдей бекет бар. Енді олар жергілікті полицияның қарамағында. Әр модуль компьютерлермен жабдықталған. Ол арқылы тәртіп сақшылары қаланың негізгі көшелерінің қиылыстарына орнатылған 16 бейнекамераның аумағын тікелей бақылап отырады.

Уәлихан Тлеужанов, Петропавл қалалық ІІБ жол-патрульдік полиция батальонының қызметкері:

– Біздің міндеттерімізге біріншіден қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау жатады. Қылмыстар мен әкімшілік құқықбұзушылықтарды және кәмелетке толмағандар арасындағы тәртіп бұзушылықтардың жолын кесеміз.

Жергілікті полиция қызметі жұмысын биыл 1-ші қаңтардан бастады. Дәл қазір оның құрамында өңірдің қоғамдық тәртібін қамтамасыз ететін 1600-ден астам қызметкер бар. Жаңа жүйенің құрылымына учаскелік инспекторлар, жол-патрульдік, ювеналдық және табиғатты қорғау полициясы кіреді.

Ринат Құсайынов – Петропавл қалалық ІІБ жол-патрульдік полициясы батальонының командирі:

– Бұл модульдерде қызметкерлер 24 сағат бойы екі ауысыммен жұмыс істейді. Оларға қоғамдық тәртіптен бөлек жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түрлі құқықбұзушылықтарға қарсы күресу міндеттері жүктелген. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз.

Бұдан бөлек, жергілікті полиция қызметі бастығының облыстық әкімшілік пен мәслихат алдында жылына 2 рет, ал халық алдында бір рет есеп беруі қарастырылған.

Қанат Айтбаев, СҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы:

– 2015 жылы Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында бес институционалдық реформа аясында қызметінің негізгі бағыты құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қорғау болып табылатын жергілікті полиция қызметін құру жөнінде тапсырма берген болатын. Осылайша біздің өңірде де жергілікті полиция қызметі құрылып, ендігі өз жұмысын атқаруда. Біздің басты міндетіміз аймақта 24 сағат бойына қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және оны облыстық атқару органдары мен халыққа баяндау.

Айту керек, жергілікті полиция қызметі ІІД жанынан құрылғандықтан Ішкі істер органдарында айтарлықтай өзгерістер орын алмайды.

 

Акбопе Танирберген