Денсаулық сақтау

2015 жылы санитарлық-авиация қызметіне аудандық орталық ауруханалардан 642 жедел шақырту келіп түскен

Шал ақын, Тимирязев, Ақжар, Уәлиханов, Тайынша. Былтыр аталған аудандардың тұрғындарына шұғыл түрде облыстық аурухана дәрігерлерінің көмегі қажет болған. Себебі, жергілікті ақ халаттылардың ауруын асқындырып алған науқастарға қандай да бір жәрдем көрсетуге немесе күрделі оталар жасауда біліктіліктері төмен болды.

Дина Әшімова, СҚО бойынша санитарлық авиация қызметінің үйлестірушісі:


– 2015 жылы ұшақпен аудандарға 26 рет ұштық. Көп жағдайда жүкті әйелдерге және жаңа туған нәрестелерге шұғыл көмек қажет болды. Бұдан бөлек ауыр жарақат алғандарға және ауруын асқындырып алғандарға көмек көрсетілді. Жалпы былтыр ел қазынасынан өңірдегі санитарлық авиация қызметіне 10 млн теңге бөлініп, бүгінде қаражат толығымен игерілді.

Облыстық аурухананың дәрігерлері мен ұшқыштар күн райына қарап жолға шығады. “АН-2” әуе көлігімен қатты жауын-шашындарда, боранда, түнгі уақытта ұшпайды. Кейде ауа райының нашарлығынан облыс орталығынан алшақ жатқан елді мекендерге жедел жәрдем көлігімен жетуге тура келетін кездері де болады екен.

Дина Әшімова, СҚО бойынша санитарлық авиация қызметінің үйлестірушісі:

 

– Өткен жылы қызметтік көліктермен аудандарға 616 рет іс-сапармен шығып, тұрғындарға дер кезінде медициналық көмек көрсетілді. Облыстық ауруханадан 5 бірлік техника арнайы осы мақсатқа бөлінген. Оның біреуі – реанимобиль.

Былтыр қызметтік көліктермен ауыл тұрғындарына жедел көмек көрсету үшін облыстық бюджеттен 35 млн теңге бөлініпті.

Берик Касен