МТРА жаңалықтары

Жерлес бизнесменнің мәселесін шешуге облыстық кәсіпкерлер палатасы көмектесті

Дайын қарашірікті республикамыздың әр аймағына саудалайтын бизнес иесі өткен жылдың желтоқсан айында бір келеңсіз жағдайға тап болыпты. Айтар болсақ, жерлес кәсіпкердің Алматы қаласына бара жатқан 10 тонна биогумус тиелген жүк көлігін көлік бақылау инспекциясы тоқтатып, машинаны салмағын өлшей келе артық салмақ бар деген ұйғарымға келген.

Андрей Стрелец – “Стрелец” ЖК директоры, Есіл ауданы:


– Маған желтоқсанның 11-і күні жүк көлігінің жүргізушісі хабарласып, Жамбыл облысындағы “Шығанақ” бекетінде көлік бақылау инспекциясы тоқтатқандығын айтты. Машинаның салмағын өлшеген мамандар 2 тонна 680 кг-ға артық салмақ бар деп, 3 миллион теңгенің айыппұлын жазған. Мен жылдам Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасына хабарласып, оқиғаны баяндап бердім. Ұйымға маған қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін.

Андрей Стрелецтің арызына бірден жедел әрекет еткен жергілікті кәсіпкерлер палатасы Жамбыл облысындағы әріптестеріне шығып, жүк көлігін қайта тексеруден өткізіпті.

Асқар Махмет – СҚО кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы:


– Аталған жүк көлігі Жамбыл облысына жеткенше жолда Астана және Қарағанды қалаларының маңында тоқтатылып, 2 рет өлшелген болатын. Біз Жамбыл облысындағы көлік прокуратурасымен бірлесіп, осы мәселені жедел шешуге ат салыстық. Нәтижесінде кәсіпкер артық 208 келі салмақ үшін мемлекетке 39 мың теңге айыппұл төлейтін болып шешілді. Әзірге, қателіктің кімнің тарапынан орын алғандығы белгісіз.

Жалпы өткен жылы облыстық кәсіпкерлер палатасының қолдауына 4 мыңға жуық бизнес иесі жүгінген.

Бакыт Садуакасов