Спорт

Петропавлда спорттық акробатикадан халықаралық турнир басталды

Оған еліміздің 7 қаласынан бөлек көршілес Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінің жас спортшылары келіпті.

Андрей Ямпольский – облыстық спорттық акробатикадан мамандандырылған БЖСМ директорының орынбасары:


–  Жасөспірімдердің халықаралық турниріне 4 елден 140-қа жақын акробат қатысып отыр. Спортшылардың жас шамалары 9-бен 19-дың аралығында. Биылғы жарыс өте қызықты өтеді деп ойлаймын. Өйткені, қатысушылардың арасында мықты спортшылар бар.

Жарыс шымылдығын алдымен спорттық акробатиканың жас шеберлері ашты. Онда бақ сынаған екібастұздық жеткіншектер “Рюмка” деп аталатын бағдарлама әзірлеп әкелген. Мұнда спортшылар бірнеше күрделі әдіс-тәсілдерді қолданған. Айта кеткен жөн, акробаттар дәл осы жаттығуларды 2014 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында көрсетіпті.

Дмитрий Безрук – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Екібастұз қаласы:

– Біз ересектер арасындағы топта өнер көрсетеміз. Қарсыластарымыздың араларында мықты спортшылар бар. Дегемен, жақсы дайындалып келдік. Жарысқа дайындаған жаттығуларды осыдан екі жыл бұрын АҚШ-та көрсетіп, екінші орын иеленген едік.

Сондай-ақ, халықаралық байқауда акробатикалық жолақта жүгіріп келіп секірудің шеберлері де сынға түсті. Мұнда жасөспірімдердің жылдамдықтары мен олардың күрделі жаттығуды орындау сапасы бағаланатын болады.

Мария Марченко – турнирға қатысушы, Иркутск қаласы, РФ

– Мен мұндай халықаралық деңгейдегі жарысқа үшінші рет қатысып отырмын. Аздап қобалжу бар. Дегенмен, жатықтырушымның айтқан ақылдарын ескеріп жақсы өнер көрсететініме сенемін.

Петропавлда халықаралық турнир 3 күнге жалғаспақ. Бәсекеде жеңімпаз атанғандар медаль және кубоктармен марапатталатын болады.

Култанов Байболат