Спорт

Өңірде “Мен чемпион” жобасының екінші кезеңі жалғасуда

Қанат Сәдуақас – СҚО білім басқармасы спорт, дене шынықтыру және АӘД өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры:

-Петропавл қаласында сайыстар үш зонаға бөлінген. Онда 420 оқушы бақ пен бап таластыруда.

Бүгінгі кездесуді өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов пен “Мен чемпион” жобасының авторы, МТРА директоры Евгений Сазанов та тамашалауға келді. Ал жасөспірімдер өз кезегінде құрметті меймандарға тартысқа толы ойын сыйлады.

Ойын тізгінін ең әуелі ақ жейдедегі “сұңқарлықтар” алды. Алғашқы эстафетада олар қарсыластарын шаң қаптырды. Дей тұрғанмен, “Сақтан” командасы жинақталып, есепті теңестірді. Алаңда бәсеке қыза түсуде. Кімнің жеңіске жететіні ешкімге белгісіз. Қос команда да бір-біріне тең. Ал жанкүйерлер өз кезегінде құрамаларға үлкен қолдау көрсетуде.

Жанкүйерлердің қолдауымен 4 бірдей сайысты “Сақтан” командасы қатарынан ұтты. Бірақ, мұнымен ойын аяқталған жоқ. “Сұңқарлықтар” қанша тырысқанымен қарсыластары оларға ес жидырар емес. Келесі эстафетаның нәтижесі де қызыл жейдедегі ойыншылардың еншісінде қалды.

-Бұл сайысты қорытындылайтын конкурс, ол – капитандар, яғни көшбасшылардың бәсекесі. Мұндағы мақсат қарсыласыңды бірінші болып бағанадан құлату керек.

Ал бұл сайыста “Сұңқар” командасының капитаны ірі денелі қарсыласынан басым түсе алмады. Сонымен қызыл жейдедегі “Сақтан” құрамасы жартылай финалға жолдама алды.

Маргарита Пастухова – “Сақтан” командасының мүшесі:

-Сайыс өте тартысты өтті. Қарсыластар мықты. Бірақ, біздің күшіміз олардан басым болды. Енді алдағы ойындарда жеңіске жетіп, жобаның финалдық сынына жетеміз деген үміттемін.

Жалпы “Мен чемпион” жобасының екінші кезеңі қаңтардың 12-сі аяқталады. Онда сайыстың ақтық сынында Петропавл қаласының намысын қорғайтын үш команда белгілі болмақ.

 

 

Риат Шони