Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов православ сеніміндегі христиандарды Рождество мерекесімен құттықтады

Валентина Сергеева, қала тұрғыны:

-Бүгін Рождество мерекесіне немерелерімді ертіп келіп отырмын. Отбасы мүшелерімен жарқын мейрамды жыл сайын атап өтеміз. Рождество мерекесі дінді берік ұстауды талап етеді, енді міне немерелеріме де бұл мейрамның жоралғыларын үйретудемін. Олар қазір құдайға құлшылық етіп, майшамдарды қай жерге орналастыру керектігін біледі.

Шіркеуде мерекелік көңіл-күйдің лебі сезіледі. Мұнда келгендер бірін-бірі құттықтап, ізгі тілектерін білдіріп жатыр. Төрге Иса Пайғамбардың дүниеге келу сәтінен хабар беретін шағын композиция жайғастырылған. Әр жерден мейрамның белгісі – жасыл шыршалар орын тепкен. Бұл шексіз өмір мен бейбітшілік, бақыттың белгісі. Осы күні Рождествомен православ сеніміндегі жерлестерімізді облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Біздің кең-байтақ Қазақстанымызда тұратын барша дін өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаты да осыған саяды. Рождество қайырымдылық пен жақсылықтың нышанына толы мерекелердің бірі саналады. Барша православ сеніміндегі солтүстікқазақстандықтарды айтулы күнмен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, саулық, бар жақсылықты тілеймін.

Бұл күні өз құттықтауларын Петропавл және Булаев епархиясының еспископы Владимир де арнады. Ол шіркеуге жиналған тұрғындарды мерекелік ғибадатқа бастады.

Владимир – Петропавл және Булаев епархиясының епископы:

 

-Бұл діни мейрамның тарихы Иисус Христостың дүние келгені туралы аңыздан бастау алады. Барша діндестерін өз артынан ерткен ол Вифлеем атты шағын қалада өмірге келген. Бүгінде Рождество мейрамы әлемнің 100-ден астам елінде тойланады. Осынау жарқын мереке әр шаңыраққа құт-береке алып келсін.

Христиан діні бойынша Рождество мерекесінде араздасқандар татуласып, ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-біріне қонаққа барып, игі тілектер айтуы тиіс екен.

Берік Қасен