Қоғам

Жаңажылдық мереке күндері өңірде 21 өрт оқиғасы орын алды

Нина Костоусова – қала тұрғыны:

-Біз өрт сөндіру бригадалары келгенше өзіміз үйдегі бар суды тасып, қолдан келгенше отты ауыздықтауға тырыстық. Бірақ, одан түк шықпады. Осы араға өтетін жолды қар басып қалғандықтан өрт сөндіру көліктері оқиға орнына біразға дейін жақындай алмады.

Тілсіз жауды ауыздықтауға қаладағы №5-ші өрт сөндіру бөлімінің мамандары жұмылдырылған. Осы күні қаһарына мінген солтүстіктің саршұнақ аязының біраз кедергі келтіргеніне қарамастан құтқарушыларға үй ішінде қалып қойған ер азаматты өлімнен құтқарып қалады. Өкінішке қарай, баспананы тексеру кезінде №5-ші өрт сөндіру бөлімінің командирі Алтынбек Әбдірахманов қаза тапты.

Жанат Смағұлов – СҚО ТЖД “Өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметі” ММ жедел басқару орталығының бастығы:

-Сағат кешкі 6-лар кезінде бөлімше командирі Алтынбек Әбдірахманов нысан ішінде сөніп үлгермеген қызыл жалынды байқайды. Кейін жанындағы өрт сөндірушімен бірге ғимаратқа енген. Осы уақытта Алтынбек Әбдірахманов әріптесін қажетті құрылғыны алып келуге жіберген екен. Командирдің тапсырмасымен сыртқа бет алған қызметкер аға сержант қалған бөлме төбесінің ортасына түскенін байқайды. Өрт сөндіру бөліміндегілер әріптесін құтқарып қалуға қанша тырысқанымен, ол сол жерде тіл тартпай кетті.

Жалпы мереке күндері солтүстікқазақстандық құтқарушылар күшейтілген режімде қызмет атқарып, тұрғындардан келіп түскен 21 шақыртуға шығыпты. Мамандар өрт ортасынан 10 адамды аман алып қалса, Есіл ауданының 1938 жылғы тұрғынын құтқарып қалу мүмкін болмаған. Жалпы биыл облыс бойынша жыл басында орын алған төтенше оқиғалар саны өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға өсіп отыр. Мейрам күндері 17 жеке тұрғын үйде, Петропавлдағы 2 өндірістік нысанда да өрт орын алып,тағы 2 көлікте от тұтанған.

 

Бакыт Садуакасов