Энергетика

СҚО тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасы 12 айды қорытындылады

Антон Федяев – СҚО тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының басшысы:

-Өткен жылы сала мамандары біраз жұмыс атқарды. Көптеген жобалар жүзеге асты. Мысалы, қаламыздағы 2-ЖЭС-дағы бірінші трубина тұрғындарға жарты ғасыр бойы қызмет еткен. Әбден тозығы жетті. Алмастыруға тура келді. Орал зауытынан жеткізілген жаңа қондырғы жылуды 20 мегаваттқа ұлғайтуға мүмкіндік берді. Енді станция бірқалыпты жұмыс істейтін болады.

Соңғы жылдары өңірде құрылыс саласы қарқын алды. Бұл ретте жаңадан тұрғызылып жатқан әлеуметтік маңызы бар нысандар мен жаңа көпқабатты үйлерге құбыр тартып, оларды жылумен қамтамасыз ету керек. Осы мақсатта былтыр республика бюджетінен бөлінген 3 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Сондай-ақ, өткен жылы өңірде шалғай орналасқан 3 ауыл «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.

Антон Федяев – СҚО тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының басшысы:

-Былтыр 3 ауылға орталықтандырылған су жүйесі тартылды. Енді Есіл ауданының Горное, Ғ.Мүсірепов ауданының Раздольное және Тайынша ауданының Черемешняк ауылдарының тұрғындары құдықтан емес, құбырдан аққан таза ауыз суды ішеді. Бұған «Ақбұлақ» бағдарламасының арқасында қол жеткіздік. Аталмыш жоба бойынша біздің өңірде барлығы 9 жоба іске асты.

2015 жылды облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасы осылай қорытындылады. Ал биыл өңірде тағы бірнеше жобаны қолға алу жоспарланып отыр.

Антон Федяев – СҚО тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының басшысы:

-Биылға біздің жоспарымыз ауқымды. Облыс орталығындағы 2-ЖЭС-да жаңарту жұмыстарын жалғастырамыз. Сондай-ақ, 2016 жылы 5-ші турбина іске қосылады. 12-ші қазандықты да жөндеу жұмыстары аяқталып, қолданысқа беріледі. Бұл станцияның қуатын 500 мегаватқа күшейтіп, жарық мен жылуды таратуды сапалы етуге ықпалын тигізеді.

Сонымен қатар, 2016-шы жылы өңіріміздегі жылу құбырларын жөндеуге және оларды жаңасына алмастыруға ел бюджетінен 4,6 млрд теңге бөлінбек.


Айгерим Ержанова