Спорт

СҚО-да “Мен чемпион” балалар-спорттық ойынының екінші кезеңі өтуде

Бірінші кезең “Бөгеттер арқылы жүгіру” деп аталады. Ойын шарты бойынша спортшылар бірінші кедергіден секіріп, екіншісінің астынан өтуі тиіс, ал қайтар жолда секіргіш шардың көмегіне жүгінеді.

Данил Бизюк, А.Слухаевский атындағы бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің оқушысы:

-Біз жеңіске ұмтылудамыз. Өз мектебімізде өткен бірінші іріктеу кезеңінде сүрінген жоқпыз. Бүгін де ұстаздарымыздың бізге артқан үмітін ақтап, бірінші орынға ие боламыз деп ойлаймын.

Ойын өте қызу әрі тартысты өтіп жатыр. Тек, бір кезеңде жеңіліс тапқан құрама келесісіне жолдама ала алмайды.

-“Мен чемпион” балалар-спорттық ойынының бас жүлдесі үшін бақталастық жалғасуда. Бүгін қаланың 14 мектебінен жиналған командалар өзара сынға түсуде. Олардың әрқайсысы жеңістен үмітті. Себебі, облыстық кезеңге тек бір топ қана жолдама алады.

Ал, төрешілер болса, жарыста бабы мен бағы келіскен шын мықты құрама жеңіске жетеді дейді.

Евгений Максимов, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің дене шынықтыру пәні мұғалімі:

-Бұл кезең баскетболшылар, капитандар сайысы, скейтпен сырғанау және құрсауды айналдыра отыра жүгіру сияқты өте қызықты эстафеталарға толы. Ойын жеңіл сайыстардан басталғанымен уақыт өте күрделене түседі. Жалпы жеңіске жеткісі келген команда 7 түрлі кезеңнен сүрінбей өтуі шарт.

Бүгінгі қатысушылардың барлығы дерлік өз білім ұяларында өткен мектепішілік сайыста жеңіске жеткендер. Бүгінгі жарысқа ұзақ уақыт дайындалған олар “Мен чемпион” ойындарының бұл кезеңін сәтті аяқтағысы келеді.

“Мен чемпион” ойындарының қалалық кезеңі өзге білім ошақтарының арасында да өткізіледі. Облыстық кезеңге қаланың барлық мектептерінің арасынан тек 3 команда жолдама алмақ.

 

 

Акбопе Танирберген