Әр түрлі

Солтүстікқазақстандықтар үшін мешін жылы жағымды жаңалықтарын ала келмек

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртісі Асылхан Разиев үшін қой жылы берекелі өткен. Өнер адамы осы жылы шаңырақ көтеріп, астына темір тұлпар алыпты. Жұмысында да біраз жетістіктерге жеткен. Ол Жаңа жылды асқан тағатсыздықпен күтуде. Өйткені, дәрігерлер тұңғышы желтоқсанның 31-і өмірге келеді деген. Алғашқы әкелік сезімдерімен бөліскен жас актер осыдан 12 жыл бұрынғы мешін жылы да есінде әдемі естелікпен қалғанын айтты.

Асылхан Разиев, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

 

-12 жыл бұрын 2004-ші мешін жылы мектепте 10-шы сынып оқитын бала едім. Алғаш әскери 5 күндікке бардым. Сол жылы кенже қарындасым дүниеге келді. Енді міне өз сәбиімді күтіп отырмын. Жұбайымның бойына бала біткенде қатты қуандым. Бойымды бір үлкен күш билеп алғандай болды. Бала үйге нұр ала келеді ғой. Әке атану – әр азаматтың арманы.

Асылханның анасы “Келінім ас үйдегі барлық шаруаны өзі тындырады”,- дейді. Ал жұбайы Эдера Разиеваның ойынша мешін жылында дастархан жеміс-жидекке толы болуы тиіс. Ұлттық тағамдарды да ұмытпаған жөн деп отыр. Айта кету керек, мешін жылы дастарханда қызыл түске басымдық берген жөн.

Эдера Разиева, Асылхан Разиевтің жары:

-Бұл жылы мешіннің сүйікті тағамы – банан дастарханнан міндетті түрде табылуы шарт. Бауырсақ пісіруді де үйреніп алдым. Дастархан жасап, қонақтарды қарсы аламыз.

Асылханның анасы Аяужан Разиева 1968-ші мешін жылы туылған. Болашақ әже шаңырағының тағы бір жанмен толығуын күтіп отыр. Бұл Жаңа жылда мен үшін үлкен сыйлық дейді.

Аяужан Разиева, Асылхан Разиевтің анасы:

-Өзім мешін жылы туылдым. Кенже қызым да осы дылы дүниеге келді. Енді немеремді күтіп отырмыз. Тұңғыш баламнан көретін алғашқы қызығым. Немере ыстық болады дейді ғой. Сол сезімді тезірек бастан өткергіміз келіп әкелері екеуіміз тағат таппай жүрміз.

Разиевтер отбасының енгелі отырған мешін жылынан күтері көп. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында 8 жылдан бері қызмет ететін актер келер жылды да ерекше сахналық қойылыммен бастаймыз деп отыр.

Асылхан Разиев, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

-Театрда жаңа туынды қойғалы отырмыз. Әзірге, спектальдің аты құпия. Жалпы қоғамдағы жастардың бет бұрған теріс пиғылдары жайында. Барлық солтүстікқазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын. Отбасыларына амандық, шаттық, береке тілеймін.

Келесі кезекте Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепке бас сұқтық. Мұнда қазақ тілі сабағы жүріп жатыр екен. 5 «а» – Дарима Рахметованың сүйікті сыныбы. Себебі, мұндағы оқушылар да, мұғалім де мешін жылы дүниеге келген. Дарима ұстаз бұл оқу ошағында екінші жыл қызмет етіп жүр. Ол жұлдызшылардың «Маймыл жылы туылғандар өзін өзгелерден артық санайды» деген пікіріне үзілді-кесілді қарсы. “Өзім де, оқушыларым да, тіпті анам да мешін жылы туылған. Өзгелермен және өзара жақсы тіл табысып жатамыз”,- дейді мұғалім қыз.

Дарима Рахметова, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:

-Мешін жылы туылғандардың жолы болғыш деп айта аламын. Мәселен бүгінгі күні өзімнің жеткен жетістіктерім бар. Сүйікті мамандығымды ойдағыдай атқарып жүрмін. Жалпы жаңа жылда молшылық болсын деп үлкен дастархан жайып жатамыз. Биыл банан міндетті түрде дастарханда болуы тиіс. Мешін жылы туылғандықтан ба, ол менің де сүйікті жемісім.

Халық арасында «адам қай жылы туылса, мінез-құлқы сол жылдың­ егесі саналатын жануардікіне ұқсас келеді» деген ұғым бар. Мешін – ақылды жануар. Дарима мұғалімнің айтуынша осы жылы дүниеге келген Айдарбек Жүсіп те сабағын жақсы оқитын, ұқыпты бала.

Айдарбек Жүсіп, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің 5-ші сынып оқушысы:

-Менің сыныптастарымның дені маймыл жылы дүниеге келген. Менің жылым 31 желтоқсан сағат 12:00-де кіреді. Мен бұл үшін қуаныштымын. Ата-анама денсаулық тілеймін. Жаңа жылдан күтерім көп.

Жаңа жыл мейрамын әсіресе балалар асыға күтеді. Олар кірер жылдың нышаны мешін жайлы да жақсы білетін болып шықты.

-Біздің Петропавлда маймыл мүлде жоқ. Ол Африка жақта өмір сүреді. Ағаштан ағашқа секіріп орманда жүреді.

-Маймыл – сүйкімді жануар. Өте күлкілі. Мен маймыл жылынан көп жақсылықтар күтемін.

Жаңа жыл жақындаған сайын дүкен сөрелерінде мешіннің мүсіндері де көбейді. Жұмсақ ойыншық түріндегісін, шыныдан жасалғанын, ағаштан ойылғанын, түр-түрімен кездестіруге болады. Кәдесыйды солтүстікқазақстандықтар сыйға тарту үшін сатып алып жатыр. Бағасы да әр түрлі. Жалпы теріскейлік жұртшылық Жаңа жыл жақсылықтарын ала келеді деп күтуде.

Ақбөпе Тәңірберген, тілші:

-Қой жылы берекелі болды, елеулі мерекелерге толы өтті. Шығар жылға өкпе жоқ. Ал, бірер сағаттан кейін төрге озғалы тұрған мешін қандай мінез танытпақ? Тарихқа үңілсек бұл жылы көбіне жайсыздықтар орын алғанын байқаймыз. Жұлдызшылардың жорамалына сенер болсақ, өміріміздің келесі бір парағын ашқалы тұрған жыл керісінше, жағымды жаңалыққа толы болмақ.


Акбопе Танирберген