Әр түрлі

Қой жылы солтүстікқазақстандық оқушылар үшін жемісті болды

 

Владислав Малихтарович -Қазақ-түрік лицейінің 10-сынып оқушысы, жоба жетекшісі:

-Бастапқыда бұл ҰБТ-ға арналған қосымша болды. Кейін ойлана келе тарихты меңгеруге көмектесетін компьютерлік ойын қылып жасадық. Себебі, біздің пайдаланушыларымыз – мектеп оқушылары. Бұдан соң мамандармен ақылдасып, жобаның мобильді нұсқасын жасадық. Бүгінде жобамызды дамыту үстіндеміз. Тамыз айында, тіпті, жұмысымызды көпшілікке таныстырдық. Халыққа ұнап жатыр.

«Қасиетті тарих. Қазақ хандығы» аталатын бұл жобаның дизайнін де оқушылар өздері ойластырған.

Никита Нургалиев -Қазақ-түрік лицейінің 10-сынып оқушысы, жоба дизайнері:

-Ойын үшін дизайн жасау маған қиынға соқты. Өйткені, мен бұл салада ештеңе білмейтін едім. Бірақ, іздендім, үйрендім. Нәтижесі 3 ай ішінде дайын болды. Жобамыз біздің тарихымызға тікелей қатысты болғандықтан, мамандармен сөйлесіп, кеңестім. Оқушылардың ойын арқылы, Қазақстан тарихына қызығушылықтары арта түседі деген сенімдемін.

Қазақ-түрік лицейінің оқушылары жобаның мобильді нұсқасын көпшілікке келер жылдың мамырында таныстыруды жоспарлап отыр.

-Облыс орталығында ойып тұрып орын алған мына Назарбаев Зияткерлік мектебі қой жылының кыркүйек айында қолданысқа беріліп өз жұмысын бастады. Ашылғанына аз уақыт болса да, мұнда білім алып жатқан 427 оқушы көптеген жетістікке қол жеткізген. Облыстық, республикалық, тіпті әлемдік деңгейдегі олимпиадаларға қатысып жүлделі оралған.

Мәселен, 4 айдың ішінде ғана бұл мектептің оқушылары өңірімізге робот жасаудың шеберлері деп танылды. Әсіресе, Әлімхан Болаттың Геннадий Головкин аталған мына құлтемірі.

Бөлшектерден боксшы құрастыру идеясы жасөспірімге ел мақтанышы – былғары қолғап шебері Генадий Головкиннің кезекті жеңісінен кейін келіпті. Бүгінде зерек баланың қолынан шыққан туынды елімізге танылып та үлгерді.

Әділбек Исмағұлов – Назарбаев зияткерлік мектебінің робототехника және информатика пәнінің мұғалімі:

-Қыркүйек айында Астанада өткен республикалық жарыста оқушыларымыз жүлделі оралды. Осылайша Катар қаласына әлем чемпионатына жолдама алды. Ол жерде олар жеңіске қол жеткізе алмады. Бірақ шетелдіктермен тәжірибе алмасып қайтты. Халықаралық дәрежедегі сертификатқа қол жеткізді. Бұл біздің аз уақытта жеткен жетістіктеріміз деп ойлаймын.

Бұл – олардың қой жылында қол жеткізген үлкен жетістіктерінің бірі. Ал келер мешін жылы біздің оқушылар робот жасаудан әлем чемпионы атағына ие болатынына сенімдіміз дейді мамандар.

Әділбек Исмағұлов – Назарбаев Зияткерлік мектебінің робототехника және информатика пәнінің мұғалімі:

-Біз енді бұл жеңіспен шектеліп қалмаймыз. Келер жылға үлкен үміт артып отырмыз. 2016 жылы робототехникадан Үндістанда әлем чемпионаты болады. Ол жақтан енді жеңімпаз боламыз деген сенімдемін. Соған байланысты енді еңбектенеміз.

Күн сайын бұл жерде тың идеялар туып, жаңа құлтемірлер құрастырылады. Дәл қазір мұнда жаңа жылдық көңіл күй орнаған. Осыған дейін түрлі тракторлар, машиналар, боксшы роботтар жасалса, енді оқушылар арбалы Санта Клаусты жинапты.

Бұл құрылғыға Алмаз Жамбров екі аптасын сарп еткен.

Алмаз Жамбров – Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы:

-Жаңа жыл қарсаңында қандай робот жасауға болатыны туралы балалармен отырып ақылдастық. Ақыры бір шешімге келдік. Арбалы сантаны жасадық. Мынау, міне, еліктер, ал мынау санта клаустың өзі. 2015 жылды қорытындылай келе, жаңа мешін жылымен құттықтаймын. Жаңа жыл қарсаңында барша солтүстікқазақстандықтардың арман-тілектері орныдалсын деймін.

Жақында ашылған білім ордасында оқушылардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.

Бауыржан Төленов – Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

-Мұғалімдерге келетін болсақ, осы жарты жылдық ішінде біздің мектебіміздің ұстазы Назарбаев зияткерлік метптері арасында өткен «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы атанды. Бұл ретте біз педагогтармен біраз жұмыстар жасаймыз. Біліктіліктерін арттыратын курстарға жолдама береміз. Тамыз айында 7 мұғалім Сингапурға барып, оқыту жүйесінің жаңа әдіс-тәсілдерімен танысып қайтты. Тайландқа да барып келген ұстаздар бар.

Осылайша солтүстікқазақстандық оқушылар қой жылын артқа тастап, жаңа мешін жылын асыға күтуде. Өйткені, 2016 жылы бұл мектепке дарындылардың саны 120-ға артып, жаңа инновациялық жобаларды іске асыру жоспарланған.

 

Айгерим Ержанова