Без категории

Биыл мемлекетімізде мерейлі мерекелер көп болды

 

Бұған қоса, соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 300 мың теңге көлемінде бірреттік қаржылай көмек берілді. Бүгінгі таңда облысымызда көзі тірі 224 соғыс ардагері бар болса, соның 128-і Петропавл қаласында тұрып келеді. Сондай қазыналы қарияның бірі – Қожатай Некібаев. Жуырда ғана қарт майдангер өзінің 90 жасқа толуын атап өтті. Ол 1943 жылы майдан даласына 17 жасында аттанған екен. Батыс Украина, Венгрия, Польша, Австрияны жаудан азат етуге қатысыпты. 91-ші атқыштар полкінің жауынгері сұм соғыстың аяқталғанын естіген қуанышты сәтті былайша еске алады.

Қожатай Некібаев – Ұлы Отан соғысының ардагері:

-Бізге біздің войскалар Рейхстагқа барып, ту тікті деп хабарлады. Қуандық енді жеңілетін шығар, бірақ келесі беті Прагада майдан жүріп жатты. Олардың баратын жері жоқ қой, апанына кіргізді гой, енді қайда барады. Мамырдың 6-сы күні жаулардың барлығы өздері берілді. Осылайша Праганы толығымен алдық. Кейін күллі солдаттар мен әскери бөлімдер, полктарды қатарға тұрғызып, хабарлады бәрімізіге, міне аяқталды соғыс, біз жеңдік! Айтып едік қой, “Мы победим” деп міне сол күнге де жеттік.

Қазіргі уақытта тоқсанды алқымдаған соғыс ардагері ұл-қыздарынан 25 немере мен 16 шөбере сүйіп отыр.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Ал осы елімізді мекендейтін жүздеген ұлттар мен ұлыстардың бірлік пен татулықта ғұмыр кешуіне “Қазақстан Халқы Ассамблеясының” қосқан үлесі орасан. 20 жыл бұрын Елбасының бастамасымен құрылған қоғамдық институтқа бүгінде әлем елдері қызыға да қызғана қарайды. Мына аумалы-төкпелі заманда айрандай ұйыған келісімді сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу баршамызға ортақ міндет, – дейді “Барбанг” күрдтер қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Рашид Надиров.

Рашид Надиров – “Барбанг” күрдтер қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы:

-Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының қорытындысын жасадық, біраз жетістіктерге жеттік. Солардың бірі ең маңыздысы ол – ұлтаралық келісім, соны бірлесіп атқарып жатырмыз. Біздің өзіміздің күрд этномәдени орталығына биыл 2 жыл толды. Біз де өз жиналыстарымызды өткіздік. Елбасымыз айтқандай дүние жүзінде дін және ұлт мәселесін шешуде ол әрбір мемлекет өз ішінде осы бағытта жұмыс жасайды. Мемлекеттің татулығы соған байланысты. Ең біріншіден бұл мемлекеттің басшысына байланысты. Көріп тұрғандай ТМД елдерінің арасында әзірге абырой жағынан алдыңғы қатарда көш ілгері келеміз. Біздің елдің, Елбасының абыройы биік, бұл қорыта келгенде әрбір ұлттың, этностың абыройы біз соған мақтаныштымыз, қуаныштымыз.

Биыл еліміз “Қазақ Хандығының 550” жылдығын да кең көлемде атап өтті. Осы аралықта кең-байтақ мемлекетіміздің түпір-түкпірінде кешегі тарихымыз қайта жаңғырып, ел және шетелдік тарихшы ғалымдар қазақ мемлекетінің қалыптасуына байланысты құнды мәліметтермен алмасты. Біздің өңірге келер болсақ жыл басында облыстық әкімдіктің Омбы облысына жасаған жұмыс сапары кезінде, қос елдің мәдениет басқармалары ортақ келісімге қол қойған. Меморандум арқасында жергілікті мұрағат 19-шы ғасырдағы Қазақ хандығы жөнінде бұрын-соңды кездеспеген қосымша құжаттарға қол жеткізіпті. Сондай-ақ, мұрағатшылар Ресейдің Санк-Петербург қаласындағы мұражайдан 18-19-шы ғасырда қазақ хандығы мен аққайыңдар өлкесі төңірегінде де құнды құжаттар көшірмесін әкелген. Елеулі оқиғаға жергілікті тарихшылар да терең ғылыми негізделген пікірлерін білдіріп, бағасын берді. Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбраева, бұл тарихи датаны атап өту азаттық сыйлаған бабаларға деген құрметтің белгісі, – дейді.

Ақмарал Ыбраева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы:

-Бұл шара енді ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған мемлекеттігімізді тұңғыш рет қазақ халқының тарихын атап өттік. Жалпы Қазақстан территориясындағы мемлекеттің қалыптасуының 3 мың жылдық тарихы бар. Ал түп қазақ мемлекеті қазақ хандығының құрылуы, қазақ деген атаудың тарих сахнасына шығуы – бұл мемлекеттіліктің бір кезеңі болып есептеледі. Негізгі түп тамыры сонау – сақ, ғұн, үйсін және түркі мемлекеттері, берірек келе бастасақ қыпшақ мемлекеті, Алтын Орда мемлекеті, Ақ Орда мемлекеті осы тарихта негізі ретінде қарастырылады тарихта.

Биыл, сондай-ақ, өзге айтулы оқиғалармен бірге “Қазақстан Конституцияның 20 жылдығы” да тұспа-тұс келді. Кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылықтарын айқындайтын Ата Заңның арқасында қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтары теңдей қорғалған.

Бақыт Сәдуақасов – тілші:

-Жалпы өтіп бара жатқан жылда қазақстандықтар 4 бірдей маңызды мерекені жаппай тойлады. Ал келер мешін жылы татулығы жарасқан ел тұрғындары Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өткелі тұр. Бұл босағасын берік, керегесін кеңге жайған жасампаз Қазақстанның басты мерекелерінің бірі.

Бақыт Сәдуақасов