Қоғам

Бейбіт күннің батырлары

Риат Шони, тілші:

 

-Апат айтып келмейді. Биылғы қой жылы оқыс оқиғасыз өтпеді. 365 күннің ішінде өңірде 698 өрт оқиғасы тіркеліп 15 адам қаза тапқан. Сонымен қатар, өзен мен көл жағаларында қауіпсіздік ережесін сақтамағанның салдарынан 30 жан ажал құшқан екен. Оның 5-уі бала.

Құтқарушыларды қыста әлекке салатындардың бірі – балық аулаушылар. Себебі, олардың көбі мұздың қалыңдығын өлшеместен, өз ермегімен айналыса береді. Бұның арты соқпақты.

Осындай оқыс оқиғаларда адам өміріне араша түсетіндердің бірі СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкері Сергей Пушкарский. Осы саладағы еңбек өтілі бір жыл болса да жас азаматтың үлесі өлшеусіз. Бейбіт күннің батыры биылғы жаз айын толғаныспен еске түсіріп, тебірене әңгімелейді. Өйткені, ол суға батып бара жатқан 40 жасар әйелдің өмірін аман алып қалды.

Сергей Пушкарский – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкері:

-Жазда Есіл өзенін қайықпен барлап жүрген болатынмын. Кенеттен көпірдің маңында бір әйелдің көмек сұраған дауысы естілді. Мен тез арада қасына жүзіп барып, оны алып шықтым. Кейін анықталғандай нәзік жанды алысқа жүзіп кетіп, артқа қайтатын күші қалмаған. Мен барлығын нұсқама бойынша жасадым. Әйелді құтқару станциясына апарып, алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Кейін басшылыққа хабарлап, жедел жәрдем шақырттым. Олар нәзік жандыны толық тексерістен өткізу үшін 3-ші қалалық емханаға алып кетті.

Ал “Күзет и К” ЖШС күзетшісі Сергей Кириенко үшін бұл жыл ұзаққа дейін есінде қалмақ. Өйткені, қарашаның 6-сы күні қолына қару алған қарақшы қаржы институтына баса көктеп кіріп, ұжымнан ақша талап еткен. Осы жерде жүрек жұтқан Сергей Кириенко еш ойланбастан қарақшыдан тапаншасын тартып алып, алыса кетіпті.

Сергей Кириенко – “Күзет и К” ЖШС күзетшісі:

-Ол басқа жаққа қарап қалған кезде мен қолында тұрған тапаншаға жармасып, тартып алдым. Артынша ол шолақ мылтықты алып атпаққа әрекеттенді. Менің қолымда тартып алған тапаншасы болған, мұқият қарап едім пневматикалық екен. Аяғынан бір рет атып, шолақ мылтығын алып қойдым. Кейін оны жақын маңда жүрген әскери қызметкерлердің көмегімен құрықтадық. Сосын полицияны шақыртып, қылмыскерді соларға тапсырдық.

Қарақшыны ұстауда ерлік танытқаны үшін Сергей Кириенко мен әскери қызметкерлер облыстық ІІД-ің бастығы Берік Біләловтің атынан мақтау қағаздарымен марапатталды. Тағы бір бейбіт күннің батыры – Петропавл қаласы ІІБ жол патрульдік полиция батальонының полицейі Вадим Полукеев. 21 жастағы азаматтың тәртіп сақшысы қызметінде жұмыс істеп келе жатқанына 2 жылға жуық уақыт болыпты. Биыл оның тәжірибесінде алғаш рет айтарлықтай оқиға орын алды. Қарашаның 8 күні әріптесімен кезекшілікте жүргенде Зайсан шағын ауданында жеке тұрғын үйден өрт шыққанын байқап қалған. Ал үй иесі болса шатырының өртке оранғанын сезбеген. Өйткені ол бұл уақытта ұйықтап жатқан еді. Полицейлер жедел әрекет етіп 45 жасар үй иесін оятып, қауіпсіз жерге алып шыққан. Бұдан соң мамандар жалын ішінен газ баллонын сыртқа тастап, тілсіз жаумен күресуге кіріскен.

Вадим Полукеев – Петропавл қаласы ІІБ жол патрульдік полиция батальонының полицейі:

-Біз таңертең кезекшілікте Зайсан шағын ауданында жүрдік. Кенеттен Шәжімбаев пен Рижская көшелерінің қиылысында тұрғын үйдің жалынға оранып жатқанын көрдік. Бірден жедел жоспарлау орталығына хабарлап, ғимараттағы адамдарды эвакуациялауға кірістік. Кейін қолда бар нәрсемен өртті тоқтатуға тырыстық. Үй маңында құдық бар екен. Жақсы болды. Сол жерден шелекпен су тасыдық. Кейін өрт сөндірушілер келіп, тілсіз жауды толығымен ауыздықтады.

Танытқан қырағылықтары мен сауатты әрекеттері үшін Вадим Полукеев пен әріптесі Жанғали Илиупті облыстық ІІД-нің бастығы Берік Біләлов алғыс хаттармен марапаттады. Сақтансаң сақтаймын. Мұндай оқыс оқиға кез-келген адамның басынан өтуі мүмкін. Сол себепті өз өмірлеріңізге бей-жай қарамаған абзал.

Риат Шони, тілші:

-Отпен ойнама күйерсің, сумен ойнама батарсың. Адам өмірінің қауіпсіздігі жайында қазақ жұрты ежелден бері айтып келген. Осы орайда өз басыңызды қатерге тікпей, Жаңа мешін жылында оқыс оқиғаға ұрынбай абай болыңыз. Өйткені апат айтып келмейді.

 

Риат Шони