Спорт

2015 жылғы спорттағы табыстарымыз

Қой жылындағы ауыз толтырып айтарлық ең алғашқы бәсеке Ресей астанасы Мәскеуде өтті. Онда әлемнің 50-ге тарта мемлекетінен жиналған жастар спорттық биден сынға түсті. Бұл сайыста еліміздің үкілеген үміттері – теріскейлік бишілер Мұса Сұлтанов пен Мария Хасанетдинова болатын. Олар сенімді толықтай ақтап, дүбірлі додада топ жарды. Ал, мамыр айында Катар астанасы Дохада жалауын желбіреткен жеңіл атлетикадан бірінші Азия чемпионатында 2 мың метр қашықтыққа жүгірген теріскейлік желаяқ қыз Лада Фомина қола медаль еншіледі.
11-16-шы тамыз. Бразилияның Сальвадор-де-Байя қаласы. Тап осы күндері мұнда жастар арасында грек-рим күресінен әлем чемпионаты өтті. Талай палуандарды дүниеге әкелген теріскей топырағынан еліміздің намысын қорғауға Аманғали Бекболатов аттанған болатын. 50 келі салмақта күш сынасқан Алаштың қаршадай ұлы сенімді ақтап, ел қоржынына жалғыз қола медальды салды.

Аманғали Бекболатов – грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері:

 

-Жарыс өте тартысты өтті. Қарсыластарымның барлығы мықты. Өз елдерінің чемпиондары.

Тағы да бір жерлесіміз – Алпамыс Дастанбектің дәл осы грек-рим күресінен жасөспірімдердің жаһандық жарысында асығы алшысынан түсіп жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді. Ал, солтүстікқазақстандық конькиші Роман Креч Германияның Инцелль қаласында өткен әлем кубогінің үшінші кезеңінде жеңімпаз атанды. Ол 500 метрге жүгіруде қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, бірінші орынды иеленді. Бұған қоса бокстан да табысымыз жоқ емес. Кәсіпқой былғары қолғап шебері Жанат Жақиянов үстіміздегі жылдың қарашасында венесуалалық Йонфрес Парехомен жұдырықтасып, қарсыласын ұпай сандары бойынша тізе бүктірді. Осылайша жерлес спортшы WBA нұсқасы бойынша аса жеңіл салмақта уақытша әлем чемпионы атанды. Айта кеткен жөн, бұған дейін бұл жетістікке тек Василий Жиров, Генадий Головкин және Бейбіт Шуменов сынды қазақстандықтар қол жеткізген болатын.

Жанат Жақиянов – WBA нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы:

Жекпе-жек тең өтіп жатты. Ақырғы он екінші раундта бар күшімді салдым. Нәтижесінде жеңіске жеттім.

2015 жыл солтүстікқазақстандық спортшылар үшін табысқа толы болды. Жерлес спорт саңлақтары көптеген республикалық, халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап, 500-ден астам медаль иленді.

-Сондай-ақ, қой жылы қаламызда облыстық “Мен чемпион” балалар спорттық бағдарламасы түсірілді. Оған қоса биыл өңір аумағында бірнеше әлеуметтік маңызы бар дене шынықтыру нысандары бой көтерді. Жыл басынан бері өңірде 94 хоккей қорапшасы, көпсалалы спорт алаңдары мен 213 футбол және шағын футбол алаңдары тұрғызылған.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында Петропавлда “Мен чемпион” балалар спорттық телебағдарламасы түсірілді. Өңіріміздің барлық аудандарын сайысқа 12 мен 14 жастағы 8 мыңнан аса оқушы қатысты. Ал, ақтық бәсекеде жүзден жүйрік шыққан 16 құрама бас бәйге үшін бақ сынады. Жоба авторы Муниципалды телеарнаның директоры Евгений Сазановтың жетекшілігімен жасалған бағдарламаны көрермен қауым “Хабар” арнасынан тамашалай алды. Биыл тағы да бір елді елең еткізген оқиға – облыс орталығында зәулім Спорт сарайының ашылуы. Заманауи талаптарға сай салынған ғимаратта жеңіл атлетикалық манеж бен 1000 орынға шақталған мұз айдыны бар. Мұнда биыл “Құлагер” хоккей командасы өзінің алғашқы ойындарын өткізіп те үлгерді. Шайбалы хоккейден Қазақстанның ашық чемпионатында сынға түсіп жатқан теріскейлік ұжым облыс тұрғындарын өзінің жарқын жеңістерімен қуантуда.

Култанов Байболат