Спорт

Жергілікті велоспортшылар 2015 жылды табыспен аяқтады

Мекеме тәрбиеленушілері түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары ұпай жинап, жеке қоржындарын жүлделермен толықтырды. Бұрынғы бірінші орындарын сақтап қалған олар бапкерлерінің үмітін ақтады. Осы еңбегі үшін бүгінгі салтанатты жиында спортшыларға “ҚР-ның велосипед спорты федерациясының” облыстық филиалы атынан алғыс хат, грамота және ақшалай сыйақы табысталды.

Жиын барысында, әсіресе, “Vino 4-ever” клубының капитаны Александр Шушемоин мен спортшылар Жандос Бижігітов, Александр Овсяников, Никита Кабачек, Олег Земляковтың есімі бірнеше рет аталды. Себебі, олар ТМД елдері мен АҚШ-та өткен сайыстарда үзеңгілестеріне дес бермей, лайықты бәсекелестік танытты. Салтанатты отырыста А.Винокуровтың ізбасарларына кәсіпқой спортшыларға арналған жейде мен Олимпиада чемпионының қолтаңбасы қойылған жерлесіміз жайлы кітап сыйланды.

Владимир Парахин – велосипед спорты бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиада резерві спорт мектебінің директоры:


– Бүгінде споршыларды 7 бапкер шынықтырады. Өңірімізде осы спорт түрімен 142 адам кәсіби түрде айналысуда. Оның 7-уі ҚР-ның спорт шебері дәрежесін алған. Қалғандарында 1-ші, 2-ші разряд. Үстіміздегі жылы 5 жерлесіміз ҚР спорт шебері дәрежесін алды.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олег Земляков үстіміздегі жылы Франция, Румыния, Болгария елдерінде өткен халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетті.

Олег Земляков – велосипед спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері

– Биылғы жарыстар өте ауыр болды. Өйткені, сайыс болған қалаларда ауа-райы құбылмалы болды, тіпті қар аралас жаңбыр жауды. Осыған қарамастан мен бапкерлерден үйренген әдістерімді дұрыс пайдаланып, жеңіс тұғырынан көріне білдім.

Биылғы маусымда “Vino 4-ever” клубының спотшылары халықаралық сайыстарға қатысып, 422 ұпай жинады. Соның 186 ұпайы Олег Земляковтың еншісінде. Қазіргі таңда ұпай саны бойынша Қазақстан Азия құрамалары ішінде 2-орынға тұрақтады. Бұл қарқыннан жерлестеріміз таймаса Рио-де-Жанейро-2016 Олимпиадасына 2 лицензия ұтып алу мүмкіндігі бар. Осы күні маңызды сайысқа қатысатын спортшылардың есімі анықталу үстінде.

Берік Қасен


>Култанов Байболат