Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жаңа жылдан бастап зейнетақы мөлшері 9 пайызға артады

Арай Нұғыманова – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Мысалы, зейнеткердің зейнетақы төлемі базалықпен қоса есептегенде 52550 теңге болса, жаңа жылдан бастап 9 пайызға өсумен 57057 теңгені құрайтын болады.

Өңірімізде 98 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың кейбірі мұндай жаңашылдықтарға шүкіршілік етсе, келесілері қосылған қаржы жыртыққа жамау бола алар ма екен дейді.

– Әрине, Елбасының халыққа көп көңіл бөліп, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы мөлшерін арттырып жатқандығы жақсы. Азын-аулақ болсын қаржы қосылады. Бұл, әрине қуантады.

–  Зейнетақы қосылатындығын естідік. Бірақ, сол қаржымен қоса өзге бағалар да өсіп жатыр. Дәрі-дәрмек, азық-түлік құны артты.

Елбасының 30 қарашадағы жарияланған Жолдауына сәйкес мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі де Жаңа жылдан бастап артпақ. Асыраушысынан айырылу және мүгедек жандардың алатын қаржысы 25 пайызға өседі. Айталық, 2-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан осыған дейін 23715 теңге алып келсе, мешін жылі ол 31775 теңгені құрайтын болады. Яғни, өсім 8 мың теңгеге жуық.

Арай Нұғыманова – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары :

– Қаңтардың 1-інен бастап АЕК жоғарылауына байланысты, 1-ші, 2-ші тізім бойныша баланың күтіміне байланысты жәрдемақылар мөлшері көтерілетін болады. Барлық төлемдер республикалық бюджеттен төленетін төлемдер.

Жаңа жылдан бастап ең төменгі еңбекақы мөлшері 22859 теңге болса, айлық есептік көрсеткіш көлемі де артып 2121 теңгені құрап отыр.

Магжан Ахмадина