МТРА жаңалықтары

Петропавлдық жасөспірімдер Жаңажылдық сыйлықтарды өз қолдарымен әзірлеуде

Ал оқушылар ата-аналарына сыйлықты қайдан алады? Бұл сұрақтың жауабын табу мақсатында қала мектептерінің біріне бас сұқтық. Мұнда біз қой жылы дүниеге келген Зарина Бекбердина мен Әдия Аманова және Жанель Тлегенова есімді қолөнерші қыздарды кездестіріп сөзге тарттық. Олар биылғы жылдың қуанышты сәттерге толы болғанын және 2015-тің иесі қошақанды сағынатындықтарын айтты.

Зарина Бекбердина – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 7-сынып оқушысы:


– Мен қой жылы дүниеге келдім. Биылғы жыл мен үшін табысты болды. Көптеген дипломдарға қолжеткіздім. Қолөнермен 7 жыл айналысамын. Мына туындыны арнайы сыйлық ретінде жасадым.

Бұл қыздар Жаңа Жыл мерекесіне жақсылап дайындалуда. Мәселен, дәл қазір Әдия Аманова түрлі жылтырлармен және иненің көмегімен шырша ойыншығын істеп жатыр. Ол бұл затқа бар жан-тәнін салып, ерекше етіп жасауға тырысуда. Өйткені, қолдан жасалған сыйлық дүкендікіне қарағанда арзанға түскенімен, сүйіспеншілікпен, ерекше ықыласпен жасалғандықтан жанға жылу сыйлайды. Сонысымен бағалы дейді кішкентай ару.

Әдия Аманова – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 7-сынып оқушысы:

– Мен үйде жаңа жылдық ойыншықтарға жауапты болғандықтан, бұл заттарды өз қолыммен жасаймын. Ол үшін дөңгелек пен паеткалар қажет. Жылтырдың қызыл түсін әдейі таңдадым. Өйткені мешін жылында қызыл түс көп болуы керек.

Ойыншықтың біреуін жасау үшін Әдия 30 минутқа жуық уақытын жұмсайды екен. Сонымен, әне-міне дегенше ісмер Әдияның бұйымы да дайын болып қалды.

Балғын қыздар тіпті ұстаздарына да жаңажылдық сыйлықты өз қолдарымен жасап беріпті.

Жанель Тлегенова- С.Шаймерденов атындағы қалалық-классикалық гимназияның 7-сынып оқушысы:

– Біз әр жыл сайын құрбыларымызбен бір-бірімізге сыйлық жасаймыз. Биыл ұстазымызға да сыйлық жасауды ұйғардық. Бұл туындыны түрлі-түсті ленталармен жасалған. Гүлдер нәзіктіктің, сұлулықтың белгісі. Ал шаңырақ татулықтың белгісі.

Айту керек, қыздардың бойындағы бұл – өнер мектептегі арнайы үйірмеде ашылған. Бүгінде мұнда Әдия, Зарина, Жанель сынды қолөнермен айналысатын 24 қыз бар екен.

Айгерим Ержанова