МТРА жаңалықтары

Петропавлдағы ботаникалық бақта “Қарлы шілтер” көрмесі ашылды

Равиль Рязапов – “Ботаникалық бақ” ЖШС директоры:

– Мына кестеленген орамалдар мен төсек жапқыштары біздің облысқа көшіп келген неміс қыз-келіншектерінің қолдарынан шыққан. Көрмемізде славян халқының діни мерекелерге орай кестелеп-тоқылған бұйымдары да бар. Қазіргі уақытта орамалдар мен төсек жапқыштарының санын 100-ге жеткіздік. Әлі де тұрғындар қолдарында бар көне тоқымаларды бізге әкеліп, тапсырып жатыр.

Қолөнер бұйымдарына арналған көрменің келесі бөлігінде татар, беларус және қазақ халқының ұлттық киімдері орын тепкен. Мәселен, мына көз тартар моншақтармен көмкерілген қамзолды 2014-ші жылы бақтағы мұражайды тамашалаушылардың бірі сыйға тартса керек.

Равиль Рязапов – “Ботаникалық бақ” ЖШС директоры:

– Бұл қамзолдың безендіру техникасы ерекше екендігін атап өткім келеді. Қарттарға арналған ұлттық киімді Әсия Галиулина тіккен. Ерекше стильде өрнектелген көркем қамзолды ботаникалық бақтың көрмесіне қарағандылық азаматша сыйға тартты.

Жаңа жылға орай ұйымдастырылған көрмеде үстел және қабырға сағаттары да қойылыпты. Жалпы саны 15, ең көнесі 1960 жылдары құрастырылыпты. Ботаникалық бақтағы қолөнер бұйымдарын қала тұрғындары мен қонақтары келер жылдың наурыз айына дейін тамашалай алады.

Бақыт Сәдуақасов