Құқық қорғау органдары

Өңірде жаңа жылдық мереке түні 500-ге жуық полицей кезекшілік атқарады

Күніне жедел басқару орталығына өңір тұрғындарынан 300 рет қоңырау шалынады. Ал мереке күндері олардың саны екі есеге дейін ұлғаяды. Мұндайға тәжірибелі тәртіп сақшыларының еті үйренген дейді орталық бастығының міндетін атқарушы Александр Михайлов. Тіпті, мейрам күндері осы жердегі мамандар аудандардың бірінде қар құрсауында қалып қойған Аяз ата мен Ақшақарды да құтқарған.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша Жаңа жыл түнінде неше түрлі оқиғаға кезігеді екен. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де бір күні Эльдар Рязановтың “Ирония судьбы” фильміндегіге ұқсас жағдай Петропавлда қайталаныпты.

Александр Михайлов – СҚО ІІД жедел басқару орталығы бастығының міндетін атқарушы:

– Әйел өзінің пәтерінің есігін ашса, үйінде бөтен бір қыз ұйықтап жатады. Шошынған үй иесі тәртіп сақшыларын шақыртқан. Кейін анықталғандай әлгі жас қызды бір ер азамат өз үйім деп алып келіпті. Содан соң пәтерді де, нәзік жандыны да тонап, қашып кеткен.

Жалпы Александр Михайловтың ішкі істер органдарында қызмет етіп келе жатқанына 32 жылдың жүзі болған. Полковник Жаңа жылды осымен 18-ші рет жұмыс орнында қарсы алмақ. Бұл күні онымен бірге 20 әріптесі кезекшілік атқарады. Ауыр қызметке қарамастан орталықтағылар Жаңа жылды өз дәстрүлері бойынша қарсы алады.

Александр Михайлов – СҚО ІІД жедел басқару орталығы бастығының міндетін атқарушы:

– Дәстүр бойынша біз жаңажылдық түнде барлық кезекшілік бөлімдегі жеке құрамды құттықтаймыз. Оларға сыйлықтар тарту етеміз. Мерекелік тортты бөлісеміз. Менің осы күні ылғи жұмыста болатыныма отбасым үйреніп кетті. Дегенмен де ең алдымен қызметіңді атқару қажетсің. Содан кейін ғана мерекеге кезек береміз.

Заңбұзушылықтардың дені мереке күндері орын алатыны белгілі. Осы ретте жаңажылдық түнде облыс бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 500-ге жуық полицей кезекшілік атқармақ.

Риат Шони