Өнеркәсіп

Дамудың даңғыл жолына түскен өндіріс ошағы

Александр Тукачев – “Көп профильді жабдықтар зауыты” ЖШС директорының орынбасары

– Біз топырақты бұзу және бұрғылауда жөндеу жұмыстарына арналған құралдарды әзірлейміз. Сонымен қатар, энергетикалық компаниялармен еңбек етеміз. Апаттық қызметтер де бізге жүгінеді. Жалпы біз кез келген бұйымды дайындай аламыз.

Зауытта бұрғылау білдектері, найза бұрғысы сынды жабдықтар жасалынады. Айта кету қажет, өндіріс ошағы тек жергілікті компаниялармен ғана емес, сонымен қатар шетелдіктермен де әріптестік орнатқан. Биыл кәсіпорын көршілес Ресейге 120 млн теңгенің өнімін экспорттапты. Серіктестік облыс әкімінің жәрдемдесуінің арқасында “Волковгеолгия” ұлттық компаниясымен ұзақ мерзімге сомасы 550 млн теңге болатын келісім шарт жасасқан.

Сергей Федосеев – “Көп профильді жабдықтар зауыты” ЖШС директоры:

– “Волковгеология” ұлттық компаниясымен біз 10 жылдай әріптеспіз. Бұл компания – біздің негізгі тапсырыс берушілеріміз. Сондай-ақ, біз осымен өз тауарымызды үшінші жыл Ресейге экспорттап отырмыз. 2016 жылға сомасы 25 млн теңге болатын келісім шарт жасастық. Жалпы бір орында тұрақтап тұрған жоқпыз.

Нарықта әрдайым бәсекеге қабілетті болу үшін зауыт жыл сайын жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Биыл “Даму” қоры арқылы 70 млн теңгеге 5 бірлік техника сатып алған. Соның қатарында газ жалынымен кесетін мына станок та бар. Бұл қондырғы қалыңдығы 300 мм болатын металды еш қиындықсыз қаққа бөледі. Станок заманауи, сандық бағдарламамен басқарылады.

Бүгінде зауытта 200 адам еңбек етеді. Кәсіпорынның қарқынды дамуының арқасында жұмысшыларға жалақы уақытында беріледі. Жалпы мұнда жас мамандар да баршылық. Солардың бірі – Талап Таев. Ол мұнда екі жыл бұрын келіпті.

Талап Таев – “Көп профильді жабдықтар зауыты” ЖШС операторы:

 

– Өзіме жұмысым ұнайды. Ток станогында жұмыс істеймін. Менің негізі міндетім, ол – жалғастырғыш пен нипель әзірлеу. Бір ауысымда бұлардың 40 данасын жасаймын.

Жалпы зауыттағылар Бүкіләлемдік сауда ұйымы аясында бәсекелестік танытуға дайын дейді серіктестік басшысы. Өйткені, мұнда шығарылатын әр өнім заманауи стандарттарға сай және сапалы. Ал 16 жылдық жұмысы ішінде өндірістің технологиялық үрдісі әлемдік деңгейге шығарылған.

Риат Шони