Спорт

2015 жылғы спорттағы жетістіктеріміз қорытындыланды

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Жерлес зілтемірші Айдар Қазов Азия чемпионатында бірінші орынды иеленді. Енді ол Рио-де Жанейрода өтетін жазғы олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын болады. Оған бұл дүбірлі додада сәттілік тілейміз. Келер жыл біздің спорт саңлақтары үшін сәтті болады деп сенемін.

Бұдан кейін жиынға қатысушылар облыстық қазақ күресі федерациясының президентін сайлады. Бірауыздан бұл қызметке астық корпорациясы солтүстікқазақстандық өкілдігінің директоры Батырбек Нұрмұхамбетов лайық деп танылды.

Батырбек Нұрмұхамбетов – СҚО қазақ күресі федерациясының президенті:

– Облыстық қазақ күресі федерациясына президент болып сайланғаныма қуаныштымын. Енді бұл саланы дамытып, жақсы жұмыс істеуге бар күшімді саламын.

Бұдан кейін отырыс ағымдағы жылы ерекше көзге түсіп, ел мерейін дүбірлі додаларда асырып жүрген спортшыларды марапаттау салтанатымен жалғасты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жерлес палуан Аманғали Бекболатов және дзюдошы Назгүл Маратоваға өңір жетекшісі Ерік Сұлтановтың атынан алғыс хат пен 100 мың теңгеден ақшалай сыйақы табыс етті. Айта кеткен жөн, теріскейлік бозкілем шебері Аманғали Бекболатов биыл грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын.

Аманғали Бекболатов – грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері:

– Бүгінгі жиында облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан алғыс хатпен ақшалай сыйақы алғаныма қуаныштымын. Бразилияда өткен әлем біріншілігіне қатысуға аймақ басшысы маған үлкен көмек жасады. Енді, алдағы додаларда ел намысын абыроймен қорғауға дайынмын.

Сондай-ақ, жиында еңбегі елеңген бапкерлер де алғыс хаттарға ие болды. Ал, Спорт жекпе-жегi және спорттың күш түрлерi конфедерациясы құрамына кіретін әр федерация мүшелеріне бірыңғай спорттық костюмдер табысталды.

 

Култанов Байболат