Қоғам

Жазасын өтеушілер арасында “Қысқы шабыт 2016” байқауы өтті

Қардан соғылған мүсіндерді көріп бағасын беру үшін арнайы комиссия да құрылыпты. Бүгін олар әр жұмысты жеке-жеке тамашалауда. Еңбектің авторлары өз қолөнерлерін таныстырып жатыр. Мәселен, мына мешітті Ұланбек Жүзбаев мұздан қашаған. 5 жылын жазасын өтеу мекемесінде өткізген ол Жаңа жылда қымбат сыйлық пен тәтті-дәмдіні тілемейді. Оның бір ғана арманы – келесі қысқы мерекені жақындарымен қарсы алу.

Ұланбек Жүзбаев, жазасын өтеуші:

– Біз көбіне кішігірім әдемі ертегі кейіпкерлерін жасадық. Бұл сотталушылардың балаларының сағынғанын білсін дегеніміз.

Байқау жалпы үш аталым бойынша өтуде. Алғашқысы – қар мүсіндері, келесісі – қабырға газеттері және Жаңа жылға арналған жыр шумақтарын шығару.

Айқын Баженов, 164/3 мекеме бастығының орынбасары:

– Қазір жазасын өтеушілер де жаңа жылға дайындық жүргізіп жатыр. Жаңа жылда спорттық шаралар мен жиындар өткізіледі.

Байқауға мекемедегі барлық 8 отряд ат салысқан. Қорытынды бойынша ең әдемі мұз мүсіндерін жасаған 1-жасақ жеңімпаз атанды. Ал, қабырға газеті мен өлең шығару аталымдары бойынша 1-ші орынды 7-ші жасақ иеленді.

Акбопе Танирберген