Әр түрлі

Жаңа жылдық тартулар

Жангелді Тәжин – Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының директоры:

– Жаңа жылдан барлығымыз үлкен үміт күтеміз. Жаңа жылдың алдында қараусыз, қамқорсыз қалғандарға көмек көрсету жақсылықтың ең үлкені деп есептеймін. Сондықтан, осы аналарға өз көмегімізді ала келдік.

Қонақ бөлмеде жайғасқан бұл аналардың барлығы қиын жағдайға тап болған. Вера Лаврентьева баласы Ратмирді туғаннан бастап осында тұрып жатыр. Барар жер басар тауы болмаған жас қыз мұнда барлық жағдайлар жасалған дейді.

Вера Лаврентьева:

– Бізге мұнда жақсы қолдау көрсетіледі. Дәрігер бар. Балалар сырқаттанып қалса, қол ұшын береді. Алғашқы сәбиіміз болғандықтан ақыл-кеңестер беріп тұрады. Кезекпен тамақ дайындаймыз, үй жинаймыз. Ешкім қолымызды қақпайды.

Жаңа жыл – асыға күтетін мереке болғандықтан оған дайындықты ерте бастаймыз. Шырша құрып, Аяз ата мен Ақшақардың келуін күтеміз. Міне, көптен күткен мейрамның басты кейіпкерлері де келіп жетті.

Қазір мұнда қолдарына сәбилері бар 9 жас ана мен тағы айы-күні жақындаған бір нәзік жанды тұрып жатыр. Оларға бүгін жаңажылдық сыйлықтар табысталып, концерт ұйымдастырылды. Айта кету керек, Аналар үйін паналаған келіншектер өнерден де кенде емес. Бірі ән шырқаса, енді біреуі би билеуде. Жалпы Петропавлдағы Ана үйі ашылғалы бері қиын жағдайға тап болған 14 нәзік жанды қолдау тапқан.

Ғалия Балтабаева – «Ана үйі» қоғамдық қорының директоры:

– Балалары 18 айға толғанша осында тұрады. Былтыр 4 ананы шашатараз оқуына оқыттық. Биыл 8 ананы компьютерлік оқудан өткіздік.

Мұндағы әр ананың өз тағдыры бар. Мәселен, Әсел Сахауова бұл баспанада биыл Жаңа жылды екінші рет қарсы алмақ. Жетімдер үйінде тәрбиелеген бойжеткен жүкті болғанда нәрестенің әкесі одан бас тартқан. Осылай тағдыр тәлкегіне ұшыраған нәзік жандының қызы Дарина қазір 1 жас 5 айға толды. Әселдің ендігі мақсаты – сәбиін аяққа нық тұрғызып, жұмысқа орналасу.

Әсел Сахауова:

– Бұл жобаны қолға алған жандарға алғысым шексіз. Біз сияқты қаншама жас ана өзіне пана тауып, аяққа тұрды. Мұнда жатар орын мен тамақ тегін. Дәрі-дәрмектер де беріледі. Ендігі менің арманым – осы жерден шыққаннан кейін баламды балабақшаға орналастырып, жұмысқа тұру.

Қазақстандық бизнесмендер “Ана үйін” ашуды 2013 жылы қолға алған. Бүгіндері ел бойынша осындай 27 баспана бар екен. Олардың мақсаттары бір, ол – жас аналардың сәбиінен бас тартуына жол бермей, жан-жақты қолдау көрсету. Жалпы жоба қолға алынғалы қазақстандық 1157 қыз-келіншек және олардың балалары Ана үйінен пана тапқан.

Магжан Ахмадина