МТРА жаңалықтары

СҚО әкімі Ерік Сұлтанов өңір ардагерлерімен кездесті

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Биыл ардагерлер кеңесінің белсенді қатысуымен және жергілікті атқарушы билік өкілдерінің арқасында Ұлы Жеңіске арналған ескерткіштер мен мемориалдық тақталарды қайта жөндеуден өткіздік. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысына қатысып, бейбіт күнде өмірден озған ардагерлердің есімдері ескерткіштерге енгізілді. Осылайша 20 мыңнан астам солтүстікқазақстандық майдангердің аты-жөні мәңгі сақталмақ.

Кездесу барысында сөз алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов ардагерлер қауымын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында құлағдар етті. Жалпы солтүстік аймақ – астықты мекен. Биылғы егін ору науқаны сәтті аяқталды. Жер емген диқандар 5,5 млн тоннадан астам алтын дәнді қамбаға құйды. Берекелік гектарынан 17,1 центнерді құрады.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тағы айта кететін жағдай, биыл өңірде танап басында жергілікті “Қазтехмаш” зауытында құрастырылған 22 комбайн жұмыс істеді. Экономикалық тұрғыдан алып қарағанда комбайнның бір түрін шығару тиімсіз. Сондықтан, белорусьтік Лидсельмаш концернімен біздің кәсіпорында машинаның тағы басқа түрін шығару мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Ол сапалы әрі бағасы жағынан өңір диқандарына қолжетімді болуы тиіс.

Қазір өңірде машина жасау саласы да қарқын алып келеді. Бұл саладағы өндіріс көлемі биыл 25,2 пайызға артқан. Сонымен қатар, Петропавл ауыр машина жасау зауыты ресейлік кәсіпорындармен әріптестік орнатты. Және “Теңізшевройл”-дан алғаш рет тапсырыс алып, оны сәтті орындаған екен. Жиын барысында аймақ басшысы өңірге инвесторларды тарту жайын да сөз етті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде облысымызға инвесторларды тарту мәселесі бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Өткен жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі биыл 25 пайызға артқан. Осы жылы өңірімізді Ресей, Украина, Қытай, Иран сынды бірқатар мемлекеттен инвесторлар келіп кетті. Жалпы 25 делегация болды. Айта кету қажет, бүгін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» қалайысы бар кенді өңдеумен айналысатын тау-кен байыту кешенін салу бойынша “Сырымбет” жобасына 6,5 млрд теңге қосымша инвестиция құятыны мәлім болды.

Кездесуде халықты жұмыспен қамту да айтылды. Биыл 12 мың жұмыс орны ашылып, 26 мыңға жуық жерлесіміз екі қолға бір күрек тапқан. Сонымен қатар, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 4 мың 727 адам еңбекпен қамтылды. Жиын соңында ардагерлер қауымы өңір жетекшісі Ерік Сұлтановқа өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныс-тілектерін білдірді.

Жамбыл Тасеменов – КСРО еңбек сіңірген спорт шебері:

– 2017 жылы техникалық білім барлығына тегін болады. Осы бағытта білім басқармасымен бірігіп нақты жоспар құрса. Қай мекеме қанша маман даярлау қажеттігі белгіленсе деген ұсынысым бар.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Бұл бағытта келесі жылы барлық жоспарлар бекітіледі. Қазір біз үкімет тарапынан тапсырма тосып отырмыз.

Жалпы бұл облыс әкімі Ерік Сұлтановтың өңірге басшылық еткелі бері ардагерлер қауымымен 4-ші рет кездесуі. Мұндай жиындар жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

 

Риат Шони