МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандықтар Ауған соғысында қаза болған жерлестерін еске алды

Өйткені, қарулы шайқас 36 жыл бұрын дәл осы уақытта басталған екен. Еске алу шарасына қатысушылар ең алдымен ескерткіш басына облыс әкімінің атынан гүл шоқтарын қойып, құрбан болған теріскейлік жауынгерлердің рухына 1 минуттық үнсіздікпен тағзым етті.

Игорь Гамов – СҚО Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы:

– Біз жыл сайын 25-ші желтоқсан күні осында келіп майдан даласында қаза тапқан батырларды еске аламыз. Олардың ерлігі мәңгі бақи біздің жадымызда. Ауған соғысына қатысушылар мен құрбандарын қадірлеу – өскелең ұрпақтың қасиетті парызы.

Ауған соғысына елімізден 22 мыңға жуық жауынгер қатысқан. Оның мың жарымы – теріскейлік жігіттер. Бұл жарияланбаған, жұмбақ соғыс, жеңімпазы жоқ соғыс 1989ж 15 ақпанда аяқталды. Сол күні Кеңес әскерлері Ауған жерінен түгелдей шығарылып бітті.

Құсман Бегалинов – Ауған соғысына қатысушы:

– Соғыс оңай болған жоқ. Қаншама отандасымыз сұрапыл соғыс даласында қаза тапты.

Қарулы ұрыста 46 солтүстікқазақстандық жауынгер қаза тапса, дәл соншасы елге мүгедек болып оралған. Қазір Ауған соғысында от кешкен 700-ге жуық жерлесіміздің көзі тірі.

Култанов Байболат