Аптадағы маңызды жаңалықтар

Динамо” спорт кешенін жөндеуге 58 млн.теңге қаражат бөлінген

Кешенде спортшылар үшін барлық жағдай жасалуда. Айту керек, бұл кешенге соңғы рет жөндеу жұмыстары осыдан 20 жыл бұрын жүргізілген. Биыл нысанның терезелері ауыстырылып, қабырғалары сырланып, жуынуға арналған жаңа кабиналар орнатылды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл аумақты біз тиімді пайдалануымыз керек. Мұндағы жөндеу жұмыстары уақытылы әрі жақсы жасалған. Бұрындары кешенде спортпен айналысу мүмкін емес еді. Енді нысан біраз жыл спортшыларға қызмет етеді деп ойлаймын.

“Динамо” спорт кешенін жаңғырту осыдан 4 ай бұрын басталған. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 58 млн теңге қаражат бөлініпті.

Қайырбек Орынбаев – «Динамо» спорттық қоғамы директорының бірінші орынбасары

– Бүгінде бөлінген қаражат толығымен игерілген жоқ. Әлі аббаттандыру жұмыстары бар. Шаруа жоспарланған уақытқа дейін аяқталады. Нысан толығымен жөнделді. Электр құрылғылары түгел ауыстырылып, еден де жаңартылды.

Бүгінде мұнда күніне 100-ден астам адам келіп, спортпен шұғылданады. Волейбол, баскетбол, футболдан түрлі жарыстар да өткізіліп тұрады.

Думан Макенов – СҚО ІІД жол-патрульдік полиция батальонының полицейі:


–  Мен бұл қызметке 3 жыл бұрын келдім. Содан бері әріптестерімізбен жиналып, осы спорт нысанына келіп, жаттығамыз. Жөндеу жұмыстары жақсы жасалған. Жаңа құрылғылар қойылды.

Дене шынықтырумен бұл жерде ардагер полицейлер де шұғылданады. Кешеннің жаңартылғанына олар дән риза.

Аманғали Тұрашев – СҚО ІІД ардагері:

– Біздің кезімізде мұндай жөндеу жұмыстары жасалмаған. Қазір спортшыларға, жастарға бұл жерде барлық жағдай жасалған. Маған ұнады.

«Динамо» спорт кешенінің аумағы 800 шаршы метрді құрайды. Бүгінде оның 600 шаршы метріне толық жөндеу жұмыстары жасалған. Мамандар спорт кешенінің қалған аумағын да жаңғыртамыз деп отыр. Ол жұмыстар келесі жылдың шілдесінде аяқталмақ.

Айгерим Ержанова