ТЖ

Өрт сөндірушілер 2015 жылды қорытындылады

Денис Шуваев, СҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы:

-2014 жылмен салыстырғанда өрт оқиғаларының саны 3 пайызға төмендегені байқалады. Ал, олардан келген материалдық шығындар саны биыл 13 пайызға, ал, адам шығыны екі есеге азайып отыр.

Облыста биыл орын алған ең үлкен өрт оқиғасы – “Пицца хаус” дәмханасының жануы. Қызыл жалын 1 мың шаршы метр аумақты алып жатқан екі қабатты ғимаратты толығымен жалмаған.

Аслан Ахметжанов, Петропавл қаласы ТЖБ бастығының уақытша міндетін атқарушы:

-Бұл оқиғаның келтірген материалдық шығыны 26 млн теңгеден асып жығылды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру жұмыстарының барысында өрттің шығу салдарын анықтау жұмыстары да жүргізілді. Бірақ, барлық айғақ боларлық нәрселердің толық өртеніп кетуіне байланысты оттың тұтану себебі анықталған жоқ.

Бүгінгі жиынға жергілікті кәсіпкерлер қатысуда. Олар Жаңа жыл қарсаңындағы ТЖ алдын алу мақсатында арнайы шақырылған. Өрт сөндірушілер мәдени-бұқаралық шараларды өткізудің техникалық шарттары, өрт қандай жағдайларда орын алуы мүмкін деген тақырыптарда сөз қозғады. Халықтың да, өздерінің де қауіпсіздігін ойлаған іскер азаматтар өз ұсыныстары мен сұрақтарын ортаға салды.

Сергей Удалой, «Таткрафт-Инвест» ЖШС қауіпсіздік қызметінің басшысы:

-Мен жаңа “Семейный” гипермаркетінде оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу туралы сұрағымды қойдым. Тиісінше нақты жауабын да алдым. Мен ұсынған қауіпсіздік шарасы қаңтар айының 1-ші аптасында өткізілетін болды.

Жиын соңында құтқарушылар төтенше жағдай орын алған кезде оның салдарына ұйымдардың басшылары жауап беретінін тағы бір еске салып өтті.

 

Акбопе Танирберген