Аптадағы маңызды жаңалықтар

200 солтүстікқазақстандық оқушы Президент шыршасына қатысты

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қымбатты балалар, Жаңа жыл – жақсылық пен жаңалықтың жаршысы. Сол себепті бәріміз оны асыға күтеміз. Бүгін шырша тойы еліміздің барлың өңірінде өтіп жатыр. Бұл мерекеде бірде-бір бала сыйлықсыз қалмайды. Біз Сіздердің спортпен шыныққан, сапалы білім алған, рухани толысқан азамат болғандарыңды қалаймыз. Бұл әрбір ата-ананың ғана емес, сүйікті Отанымыздың күллі Қазақ елінің қалауы. Қазақстан бұл күнде әлемде бейбіт әрі жасампаз ел ретінде танылып отыр. Оның әлемдік беделін арттыруға өздерің де есейгенде үлес қосасыңдар деп сенемін. Өйткені, сендер рухы биік, тәуелсіз мемлекеттің зерек те зерделі ұрпағысыңдар.

Ұрпақтың дамыған елде өмір сүруі үшін бүгінде мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Жер-жерде балабақша, зияткерлік мектептер, спорт кешендері мен мәдени ошақтар көптеп тұрғызылуда. Осыны тілге тиек еткен облыс әкімі Ерік Сұлтанов оқушыларға болашақта үлкен сенім артатындығын жеткізді.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Жаңа жыл балалалр үшін ең жарқын, ғажайып мереке. Сіздер, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың атынан өткізілетін жаңажылдық шыршаға жиналып отырсыздар. Жақында тыңдаған Президенттің құттықтау сөзі Сіздерге Жаңа жылда жаңа әсер, жаңа бақыт, шат көңіл береді деп ойлаймын.

Өңіріміздің кішкентай тұрғындары аймақ басшысына үздік оқып, болашақта жақсы азамат болуға уәде берді.

Осы күні теріскейлік балаларға арнап өңірдегі театр ұжымдары мерекелік бағдарламаларын ұсынды. Бұдан соң жеткіншектер облыс әкімі Ерік Сұлтановпен бірге шыршаның шамдарын жағып, жасыл желекті бірнеше рет айнала мерекелік әндерді қосыла шырқады. Балғындардың арасында оқуда озат, мектепішілік, аудандық, облыстық деңгейде өткізілетін пәндік олимпиадалардан жүлде алып жүргендер бар.

Жанбота Амангелді:

-Мен түрлі пәндер бойынша зияткерлік сайыстарға қатысып тұрамын. Оқуда, спортта озатпын.

Дилназ Науқанова:

-Барша жерлестеріме шаттық, бақыт тілеймін. Әр шаңыраққа береке енсін. Елімізде бейбітшілік жасасын!.

Бауыржан Абуов:

-Мен көпбалалы отбасыдан шыққамын. Екі ағам, екі қарындасым бар. Оларға Жаңа жылда қуаныш, бақыт тілеймін. Ата-анамда оысын тілеймін. Денсаулықтары мықты болсын!.

Жақсылық Рақымжан:

-Қой жылы еліміз үшін табысқа толы жыл болды. Енді келер мешін жылы бұдан да жақсы жетістіктерге толы жыл болсын деп тілеймін.

Ал балалардың жаңажылдық шыршаға киіп келген костюмдері бірінен бірі өтеді. Тақырыптары да түрліше. “Гүлденген Қазақстан”, “Тәуелсіздік ханшайымы”, “Қазақ хандығына – 550 жыл”, “Сұраушы хан”, “Болашақ энергиясы” және “Экспо”. Киімдердің барлығын ата-аналары мен мұғалімдері өз қолдарымен тіккен.

Никита Кособоков – Ақанбарақ орта мектебінің оқушысы, Шал ақын ауданы:

-Үстімдегі киімім Сұраншы батырдың киім үлгісіне ұқсас. Ол 1815 -55 қазақ даласын жаудан қорғаған. Сұраншы батыр Атамекенін шексіз сүйді. Сондықтан, Отанын жаудан қорғауда жанын аямады. Тәуелсіздік үшін күресті. Барыс жануары оның сенімді досы болды. Барыс оған ұрыстарда жігер беретін.

Ал Ангелина Шульгина бүгін Тәуелсіздік ханшайымына айналыпты. Көйлегіндегі диодтты жарық шамдары, 100-ден астам әшекей, моншақ заттары алыстан көз тартады. Ангелинаға бұл киімді еңбек пәнінің мұғалімі Светлана Варнава қолдан тігіп берген. Оған 1 ай уақытын жұмсаған көрінеді. Нәзік жандыға осы киім үлгісі үшін бас жүлде – үй кинотеатры сыйланды.

Ангелина Шульгина – Айыртау аудандық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:

-Көңіл-күйім жақсы. Көркем киімдер байқауында гран-при ұтып алғаныма қуаныштымын. Бізге осындай тамаша мерекелік көңіл күй сыйлаған барлық адамдарға, өнер ұжымдарына алғысымды айтамын. Бәріне денсаулық, бақыт тілеймін.

Осы күні 200 солтүстікқазақстандыққа Елбасы атынан ноутбук, кітап сынды сыйлықтар мен тәттілер толы қорап үлестіріліп, мерекелік дастархан жайылды.

 

Берик Касен