МТРА жаңалықтары

10 айдың ішінде СҚО-нда 5 мыңнан астам ұрлық жасалған

Бақытжан Сәдібеков – СҚО прокуратурасы 2-ші басқармасының басшысы:

-Облысымызда орын алып жатқан ұрлық, тонау, қарақшылық фактілерін азайту үшін біз қала көшелерінде, үй маңдарында бейнебақылау камераларын орнату керекпіз.

Биылғы жылы тәртіп сақшылары облыс орталығында бірнеше бейнебақылау аппараттарын орнатқан. Бұлар – қылмысты әшекерлеуде таптырмас құралдардың бірі болып табылады.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

-Биыл біз 23 үйдің ауласына және полиция бекеттерінің үшеуіне видеокамера орнаттық. Бұл құралдар бізге қылмысты ашуда зор септігін тигізуде. Ал қоғамдық көліктердің ішінде бейнебақылау жүргізу қажеттігін біз бірнеше рет қозғаған болатынбыз. Бірақ, кейбір автобус иелері келісімдерін бермей жатыр. Егер статистикаға сүйенсек, биыл біздің облысымызда қылмыс саны біршама азайған. Әлі де қысқарту үшін біраз жұмыс жасаймыз.

Айту керек, бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы елімізде қылмыстың орын алуы бойынша республикада 5-ші тұр. Жиында белгілі болғандай, заңды белден басатындар – көбіне ащы суға құмарлар мен жұмыссыздар. Сол себепті, мамандар 16 мың 623 солтүстікқазақстандықтың екі қолына бір күрек табуларына ат салысу керек деген шешімге келді.
Сондай-ақ, бұл күні әкімшілік айыппұлды өндіріп алу мәселесі де қаралды.

Айдар Мұқанов – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасының бөлім басшысы:

-Жыл басынан облысымыздың уәкілетті органында 134 мың 616 әкімшілік іс қаралды. Нәтижесінде 85 мың 202 адамға жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын айыппұл салынды. Бүгінде оның 616 млн-нан астамы өндіріліп алынған.

Соңғы 10 айдың ішінде ең көп әкімшілік айыппұл Петропавл қаласы мен Қызылжар және Тайынша аудандарының тұрғындарына салынған.

 

 

Айгерим Ержанова