МТРА жаңалықтары

Құқықтық статистика басқармасы 11 айды қорытындылады

Әділ Қабылбеков -ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасы бөлімінің статистик бас маманы:

-Басқарма қызметкерлері ағымдағы жылы 300-ден астам тексеріс, 1400 салыстыру, 500-ден астам мониторинг жүргізді. Прокурорлық ықпал ету актілері және ақпараттық хаттардың қаралу нәтижелері бойынша 500 тұлға жауапкершілікке тартылды. Басқармамен 8 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалып, 7-еуі сотпен қаралып 7 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жекелеген лауазымлы тұлғаға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Үстіміздегі жылы өңірімізде тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар санының артқандығы байқалып отыр. 11 айдың ішінде құқық қорғау органдарында жалпы саны 10 200-ден астам қылмыстық заңбұзушылық тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 18,5 пайызға артық. Тіркелген фактілердің дені бұрынғыдай Петропавл қаласы, Тайынша, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов және М.Жұмабаев аудандарына тиесілі. Мұндай жағдайдың аталған аудандарда орын алуы – халық санының көп болуында дейді мамандар.

Әділ Қабылбеков -ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасы бөлімінің статистик бас маманы:

-Сондай-ақ,облыс аумағында бірқатар қылмыс түрлері көрсеткішінің төмендегені байқалады. Атап айтсақ, адам өлтіру фактілері 8,8, тонау 15,9 пайзға, зорлау фактілері 8,6 пайызға кеміді. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 9,2 пайызға төмендеген. Алайда алкогольді және есірткі заттарын пайдаланудың салдарынан жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтар саны керісінше 8,5 пайызға өсіп отыр.

Құқық қорғау органдары мамандарының айтуынша, өңіріміздегі криминогенді жағдай бірқалыпты. Орташа қылмыстар деңгейі 11,8 пайызға, ал аса ауыр қылмыстар 6,8 пайызға кеміді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жасалған қылмыстық оқиғалар жөніндегі деректер базасын мына қылмыстық құқықбұзушылық картасынан әрбір тұрғын сайттан көре алады.

Төлебай Мұқышев – ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасы бөлімінің ақпараттандыру бойынша аға прокуроры:

-Мына картадан қай жерде қанша қылмыс жасалғандығын анық білуге болады. Қызыл үлкен дақтар бұл аудандарда немесе үйде адам өлтіру фактілерінің болғандығын білдіреді. Қызыл түс -аса ауыр, сары түс – орташа қылмыс болып саналады. Кейін картаны ұлғайтып, нақты қандай үйде адам өлтіру фактісі болғандығын білуге болады. Мысалы, Рига және Мүсірепов көшелерінде қылмыс көп жасалған.

Басқарма мамандары облысымыздағы құқықбұзушлықтардың санын азайту үшін алдын алу шараларын күшейту қажет дейді.

 

 

Берик Касен