Салық басқармасы

“Чекті талап ет те, сыйлық ұтып ал” республикалық акциясының жеңімпаздары белгілі болды

Айтан Боранбаев – Смирново селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

-Чекті біз отбасымызбен жинадық. Алынған тауардың құны шамамен 45-50 мың теңге болады. Бас жүлдені еншілейтініме үміттімін.

Республикалық акцияның бас жүлдесіне қойылған сыйлық – «Chevrolet» маркалы жеңіл автокөлік. Жеңімпаз атағын иеленуге әр қатысушы мүдделі.
Бұл шараға солтүстікқазақстандықтар белсенді қатысқан көрінеді. Өйткені, бір адамның өзі орташа алғанда 60 купон тапсырған.

Төлеген Қабөшев – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:

-Жалпы бұл акция тұрғындар арасында салықтық сауаттылықты арттыру үшін ұйымдастырылуда. Бұл ретте жерлестеріме ризашылығымды білдіргім келеді. Солтүстікқазақстандықтар іс-шараға қатысуда белсенділік танытты. Көлік иесі дәл қазір анықталатын болады. Ынталандыру сыйлықтары да бар.

Сонымен, жеңімпаз есімін білетін сәт те келді. Бірақ, алдымен, ынталандыру сыйлықтары ойнатылуда. Бұл – 100 мың мен 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар. Аталмыш марапатты Қостанай, Атырау және Алматы облыстарының тұрғындары иеленді. Ал, бас жүлде – жеңіл автокөлікті шығысқазақстандық Әлібек Мусин қанжығасына байлады.

 

 

Айгерим Ержанова