МТРА жаңалықтары

Бескөлдегі “Молсервис” ЖШС биыл 730 млн теңгенің тауарын шығарған

Сергей Зверев – “Молсервис” ЖШС жұмысшы:

-Аппаратпен сүт қаптаудың ешқандай қиындығы жоқ. Құрылғының көмегімен сағатына 2 тоннаға дейін, ал тәулігіне 20 тоннадан аса табиғи таза өнім дайындаймыз.

Жалпы “Молсервис” кәсіпорны жыл басынан 730 миллион теңгенің тауарын шығарған. Өнімнің басым бөлігі өңірімізде қалса, біразы еліміздің Қостанай, Қарағанды, Ақмола сынды облыстарына саудаланған. Сондай-ақ, биылғы жылы зауыт қышқыл сүт өнімдерін дайындау үшін Ресейден екі заманауи бөшке сатып алыпты. Енді алдағы уақытта тауардың көлемін арттыру ойда бар.

Сергей Чепурко – “Молсервис” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

-Жыл біздер үшін сәтті болды. Жоспардағы тауар көлемін шығарып, саудаладық. Сонымен қатар, кәсіпорынға бірнеше жаңа қондырғылар алдық. Соның бірі – бөшкелер. Оған 3 миллион теңгеге жақын қаражат жұмсадық. Енді құрылғылар жақсы жұмыс істеп, өнім көлемі арта түседі деп ойлаймын.

Айта кеткен жөн, үстіміздегі жылы серіктестікке сары май әзірлеу үшін мемлекет тарапынан 10 миллион теңгеден аса субсидия берілген. “Мұның бәрі Елбасының ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты кемел саясатының арқасы” – дейді кәсіпорын басшысы Сергей Чепурко.

Сергей Чепурко – “Молсервис” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

-Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауының арқасында дамудың даңғыл жолындамыз. Президент өз сөзінде ауыл шаруашылығын өркендетіп, отандық өнім көлемін арттыруды тапсырды. Біздің серіктестік бұл жұмыстарды толығымен орындап жатыр. Мемлекеттің қолдауы аясында биыл кәсіпорын 30 тонна сары май әзірледі.

Ал, бұл – өндіріс орнының зертханасы. Мұнда тауар толық дайын болғанша сараптамалық тексерістен өтеді.

Александра Шишкина – “Молсервис” ЖШС зертханашысы, Қызылжар ауданы:

-Зертханамызға сүт келген кезде біз оның қоюлығын, қышқылдығын және сапасын қараймыз. Одан соң дайын өнім цехта зертханалық сараптамадан өтеді. Бізде табиғи таза өнім. Адам ағзасына пайдасы мол.

Бүгінде кәсіпорында 126 адам еңбек етеді. Олар айына орташа есеппен 115 мың теңгеден жалақы алады.

 

Култанов Байболат