Аптадағы маңызды жаңалықтар

2016 жылға арналған қала бюджеті бекітілді

Соның 10 млрд 670 млн теңгесі мешін жылына бағытталыпты. Әлемде болып жатқан экономикалық жағдайға байланысты шаһар өз шығындарын біршама қысқартыпты. Былтырғымен салыстырғанда ол 8 пайызға аз. Дегенмен маңызды деп табылатын салалар назардан тыс қалмады.

Гүлнар Әмренова- Петропавл қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы:

-Білім саласына- 4 млрд 684 млн теңгеден астам қаржы бағытталса, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына- 1 млрд 57 млн теңге жұмсалмақ. Тағы әлеуметтік қорғау саласына- 557 млн теңгеден астам ақша бағыттау көзделген. Ал өзге шығындарға 850 млн теңгеге жуық қаржы жұмсау жоспарда бар.

Алдағы жылы қала билігі салықтан түсетін қаржы көлемін де арттырмақ. Сөйтіп, Елбасының «көрпеге қарай көсілу» керек деген тапсырмасын қаперге алған олар алдағы жылы табысты еселей түсуге баса назар аудармақ.

Марат Тасмағанбетов- Петропавл қаласының әкімі:

-Алдағы жылы жұмысқа қарқын қосатын боламыз. Әрине тұрғын үй коммуанлдық шаруашылығы және білім салаларындағы көзделген түрлі бағдарламаларды орындаймыз. Бюджет қаржысын тек басым бағыттарға жұмсап, табысты салаларды дамытуға көңіл бөлеміз.

Бұдан соң жиында тағы 12 сауал қарастырылды. Оларды комиссияның тұрақты отырысында саралаған депутаттар сессияда шешімдерді бірауыздан қабылдады.

 

 

Магжан Ахмадина