Білім

Жұмысшы кентінде жаңа балабақша пайдалануға берілді

Әлеуметтік нысанның ашылуы петропавлдықтарға үлкен қуаныш сыйлады. Сондықтан, осынау маңызды шарамен жиналғандарды облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

-Құрметті қауым, аталмыш балабақша мемлекеттік-жекеменшік әрістестік аясында бой көтерді.

Кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов жаңа балабақшаның ұжымына автокөлік сыйға тартты. Бұдан соң ғимараттың таспасы салтанатты түрде қиылып, меймандар мұндағы балғындарға жасалған жағдаймен танысты. Ең бастысы жылы әрі жайлы балабақшаға келетін бүлдіршіндер қуанышты.

Негізі, балабақшаның құрылысы ағымдағы жылдың наурыз айында басталған болатын. Аз ғана уақыттың ішінде 2 қабатты нысанды тұрғызған «Ақмола энергияжөндеу» ЖШС құрылыс кезінде толығымен отандық материалдарды қолданған. Жалпы ғимараттың Энергетиктер күні қарсаңында қолданысқа беріліп отырғаны тегін емес. Өйткені, әлеуметтік нысанды «СевКазЭнерго» АҚ жеке қаражатына тұрғызыпты.

Леонид Ларичев- «Севказэнерго» АҚ бас директоры:

-Жобаны жасағанда біз балабақшаға деген қажеттіліктің қай ауданда ең көп екендігін ескердік. Сондай-ақ, бұл Елбасының мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту туралы тапсырмасын орындаудағы бір қадам болып отыр. Бұл балабақшаға біздің қызметкерлеріміздің балалары барады. Бағасы барлығына бірдей. Қазір бізде 2500-нан артық адам еңбек етсе, солардың балаларының 100-ден астамы балабақша кезегінде тұр. Бұл оларға жасалатын бір көмек болады деп ойлаймын. Тағы бүлдіршіндерді осында қызметтік автобуспен тегін жеткізіп отырамыз.

Жұмыс беруші компанияның тарапынан еңбеккерлеріне мұндай қолдау көрсетіп жатқандығына ата-аналар да қуанышты.

Айжан Мұхамеджанова – ата-ана:

-Шет ауданда тұрамыз. Сондықтан, бұл балабақшаның ашылғандығы бізді қуантады Енді уақыт үнемдейміз.

Жалпы жаңа нысанның ашылуы арқасында мұнда 90 адам еңбекпен қамтылып отыр. Оның ішінде 40 педагог болса, соның 28-і – тәрбиешілер. Татьяна Насырова мұнда логопед маман боп қызметке кірген. Енді ол мұндағы балғындарды арттерапия әдісі бойынша оқытпақ.

Татьяна Насырова- «Алақай» балабақшасының логопеді:

-Мұнда балғындар айран мен компьютерлік бояулар арқылы суреттер салады. Ол бүлдіршіндердің ойлау қабілетін дамытып, сурет салу техникасын дамытуға септеседі. Онымен қоса балалар өз ойын қағазға түсіріп, ол жайлы бізге әңгімелейді. Әдіс қызықты әрі балаларды еркін сөйлеуге үйретеді.

320 орынға шақталған балабақша құрылысына 800 млн теңге жұмсалыпты. Міне, осылай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өңірде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің мәселесі шешімін тауып келеді.

 

 

Магжан Ахмадина