МТРА жаңалықтары

Қалалық “Нұр” мешітінде Хасан қажы Шамсутдиновке арналған тақта ашылды

Бүгінде ер-азамат қажы әкесін мақтан тұтып, немерелеріне үлгі етеді. Себебі, ол Ұлы Отан соғысынан кейінгі аласапыран уақытта асыл дініміздің жойылуына жол бермеген азаматтардың бірі. Сонымен қатар, халықтың ауызбіршілігін сақтап, жерлестерін рухани азықпен сусындатқан молда болған.

Мұхамед Шамсутдинов – Хасан Шамсутдиновтың баласы:

-Әкем 1890 жылы туған. 7 жыл медреседе оқыды. 1950-ші жылы Петропавлға имам болып сайланды. Бүгінде жиендерім медреседе діни білім алуда.

Ескерткіш облыс орталығындағы қалалық «Нұр» мешітінің маңында орналасқан. Себебі, бұл жерде Хасан Шамсутдинов имам болып қызмет етіп, мұсылмандар қоғамын басқарыпты. Бүгінде имандылық жолына 17 жылын сарп еткен молдаға қоғам және дін қайраткері деген атақ берілген.

Байкен қажы Қадырбаев – зейнеткер:

-Қызылжарда бұрындары тек бір ғана «Көк мешіт» деген мешіт болатын. Дінге қысым жасалған уақытта 1935 жылы жабылып қалды. Содан кейін мұнда имам болып Хасан Шамсутдинов келді. Қызылжар тұрғындары ғибадат жасауға мүмкіндік алды.

Келер жылы өңірімізде Байкен қажы Қадырбаевтың Хасан Шамсутдинов туралы мағлұматы бар «облысымызда Ислам дінінің дамуы» атты кітабы жарыққа шығады.

 

 

Айгерим Ержанова