Спорт

Петропавлдық «Динамо-Есіл» СК оралдық «Жайық» ВК кездесті

Ойынның алғашқы кезеңінде жерлестеріміз қарсыласқа қарағанда жақсы өнер көрсетті. Тіпті, қара жейдедегі спортшылардың басымдығы 10 ұпайға дейін жеткен. Алайда қорғанысқа қырағылық, шабуылға қарқын қосқан қонақтар бірінші ойын бөлігінің соңында ес жиып солтүстікқазақстандық құраманың уысынан жеңісті жұлып алды.

Александр Перегуда – «Жайық» ВК жаттықтырушысы, Орал қаласы:

-Қазір нағыз чемпионаттың қызған шағы. Барлық құрамалардың жүлдеден дәмесі бар. Турнирдағы бір команданы осал деп айтуға болмайды. Сондықтан біз бүгінгі кездесуге өте тыңғылықты дайындалдық. Жеңіске жетеміз деп ойлаймын.

Екінші партияда теріскейлік ұжым намысқа тырысып оралдықтарды 25-18 есебімен ұтты. Ал, үшінші кезең қонақтардың пайдасында қалды. Төртінші ойын бөлігінде қызыл түсті командаға есе жіберуге болмайтындығын жақсы ұғынған біздің жігіттер 25-16 есебімен қарсыласты тізе бүктірді. Бесінші паритияда да солтүстікқазақстандықтардың мысы “жайықтық” ойыншылардан басым болып, турнирдағы алғашқы жеңіске қол жеткізді.

Мамаш Умаров – жарыстың бас төрешісі, Шымкент қаласы:

-Петропавлдық «Динамо-Есіл»СК өте мықты құрама. Ойыншылардың барлығы волейболды жақсы ойнайды. Алдағы кездесулерде де жеңіске жетеді деп ойлаймын.

Петропавлда Жоғарғы лиганың «А» тобындағы ерлер командалары арасында ел чемпионатының 2- туры желтоқсанның 28-іне дейін жалғасады.

 

 

Култанов Байболат