Спорт

Петропавлдық «Құлагер» ХК жеңісті жорығын жалғастыруда

Өз ісіне жауапты орбитр қырағылық танытып Лукаш Мартинканы 2 минуттық кіші айыппен жазалады. Алайда, бұл қарсыласқа көмек болмады. Өйткені сауатты ойын өрнегін көрсеткен теріскейліктер бір ойыншыға кем болсада гол соқты. Бұл жерде сұрмерген Янне Лаакконен көзге түсті.

Шайба жіберіп есеңгіреп қалған рудныйлық қонақтар тез ес жинады. Бірнеше рет Джон Мюррей қорғаған қақпа маңында қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Кездесудің 15 минутында Павел Жилин мергендік танытып таразы басын теңестірді.

Осылайша бірінші жиырма минуттық тең нәтижемен аяқталды. Ал, үзілісте бапкер ақылын мұқият тыңдаған құлагерліктер екінші периодта қарсылас қақпасына жауапсыз үш шайба салды. Қанжығаларын ұпаймен майлаған Ильгиз Нуриев, Артем Сенькевич және Александр Егоровтар көрермен қошеметіне бөленді. Үшінші кезеңде де жерлестеріміздің толассыз шабуылдарына ақ жейдедегі команда тегеурінді қарсылық көрсете алмай тағы да үш гол жіберді. Шайба авторлары Владислав Никулин, Данияр Хасенов және Александр Егоров болды. Осылайша солтүстікқазақстандық құрама 7 де 1 есебімен жеңіске жетті.
Бұл күні жерлестеріміздің сапында үздік өнер көрсеткен ойыншылар марапатқа ие болды. Сондай-ақ, көрермендер қатарынан да белсенді жанкүйерге бағалы сыйлық табысталды.

Ал қос команда арасындағы қарымта кездесу өте тартысты басталды. Бірінші периодтың екінші минутында құлагерліктер ойын тәртібін бұзып, алаңда төрт хоккейшімен ғана қалды. Бұл сан басымдығын қарсыластар ұтымды пайдалана білді. Александр Куршуктың көк жолақтың бойынан бағыттаған соққысына Джон Мюррей тосқауыл бола алмады.

Бұдан соң айдын иелері ұтымды сәттер туғызып, есепті теңістіретін мүмкіндіктерін қалт жіберіп алды. Тіпті құлагерліктер 5/3 форматында да өнер көрсетіп, шайба сала алмады. Осылайша алғашқы период өз аяғына келіп жетті. Келесі жиырма минуттықта Евгений Зиновьев шәкіртерінің еншісінде қалды. Ең әуелі Сергей Банашков есепті еселей түссе, Алексей Орлов оны үште нөлге дейін жеткізді. Ал периодтың аяқталуына бес минут қалған кезде үшінші бестіктің шабуылшысы Антон Дубинин әріптесі Игорь Валеевтің нәтижелі пасынан кейін шайбаны Антон Тодыковтың қақпасында тулатты. Бұдан соң Александр Егоров бұл кезеңдегі соңғы голдың авторы атанды.

Соңғы шешуші үшінші периодта қос тарап белсенді ойын өрнегін көрсетті. Дейтұрғанымен, сәттілік петропавлдық ұжымның қолында болды. Қырық бірінші минутта Ансси Рантанен есепті теңестіріп, жігіттерді жеңіске деп жігерлендірді.Бар күшін салған екінші бестіктің шабуылшысы Янне Лаакконен өзінің мергендік қабілетін таныта біліп, жеңіс голын соқты.

Қонақтар есені қайтару үшін қанша тырысқанымен уақыт жеткіліксіз болды. Есеп төртте үш, құлагер командасының пайдасына шешілді. Ойын аяқталғаннан кейін

Антон Дубинин – «Құлагер» ХК шабуылшысы:

-Қарсылас өте мықты команда. Көп қателікке бой алдырып, алаңнан қуылып жаттық. Соның нәтижесінде қақпамызға үш бірдей гол өткізіп алдық. Бірақ соңына қарай жинақталып, жеңіске қол жеткіздік. Бізге соңына дейін сенім білдіріп, қызу қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысым шексіз.

Ал бұл сәтсіз сериядан кейін қонақтар 48 ұпаймен турнирлік кестеді сегізінші орында тұрақтап тұр. Ал ойын соңында рудныйлық “Горняк” хоккей клубының бас бапкері Евгений Зиновьев кездесу жайында өз ойын білдірді.

Евгений Зиновьев – “Горняк” ХК бас бапкері:

-Хоккей ұжымдық ойын. Кеше айдында мен команданы көре алмадым. Ал бүгінгі кездесу маған ұнады. Хоккейшілер жүктеген тапсырманы орындады. Үш гол соқтық, бұдан көп шайба салатын мүмкіндітер болды. Бірақ ойыншылардың әрбірі тізгінді өз қолдарына алып, ерекшеленгісі келді. Ал бұл қателікті қарсылас кешірген жоқ. Жеңісті уыстан шығарып алдық.

Өз кезегінде жерлес команданың бас бапкеріне де тілшілер қауымы сұрақтарын жаудырды.

Вячеслав Белан – “Құлагер” ХК бас бапкері:

-Бүгінгі ойынға жеңіске жетеміз деп жігерленіп шықтық. Екінші кездесу әрқашанда қиын болады, қарсылас команда қатемен жұмыс жасап, олқылықтарының орнын толтырады деп команданы ескерттім. Соңына дейін таласып, жеңісті суырып алғандары үшін хоккейшілерге алғысымды айтамын.

Кезекті жеңістен кейін жерлестеріміз 59 ұпаймен 5-ші орыға тұрақтады.

 

Култанов Байболат