Балалар

Бишілеріміз Италиядан жүлделі оралды

Міне, хабарламадан «Кисловодск-Иркутск» бағытыныдағы жүрдек поездің 4-ші жолға келіп тоқтағандығы айтылды. 15-ші вагонның есігі ашылып, ішінен көптен тосқан бишілеріміз біртіндеп шығуда. Маңызды додада жақсы өнер көрсеткен жерлестеріміз өз қуаныштарын жасыра алар емес.

Эллина Мессерле- «Sensitive» би ансамблінің солисті:

-Бұл біз үшін қуанышты жайт. Өйткені әуесқойлар мен кәсіби өнерпаздар қатысқан байқауда 1-ші болдық. «Сиквет» және «Вера» деген екі биді билеп бердік. Олар заманауи нақышта құрылған.

Жалпы «Сенситив» би ансамблі 8 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы кезең аралығында талай додалы бәсекелерде топ жарды. Осы жолы Италияда өткен байқауға қатысып, жұптасып өнер көрсетуде 1-ші, ал жалпыкомандалық есепте бас жүлдені жеңіп алды.

Ольга Ростовщикова- «Sensitive» би ансамблінің жетекшісі:

-Алғашында бойда үрейдің болғаны да рас. Өйткені бізден бөлек онда Қытай,Ресей және Италияның өнерпаздары қатысты. Оның үстіне түрлі номинациялар болды. Оның ішінде вокал, хор тағы басқалар. Солардың барлығының арасында біздің ұжымның бас жүлдені жеңіп алғандығы әрине қуантады. Бізді тіпті қазылар алқасының өзі мақтап, мойындағаны үлкен жеңіс. Сондықтан бізді қолдаған облыстық әкімдікке алғысымыз шексіз.

«Танысу» деп аталатын фестиваль алғаш рет ұйымдастырылыпты. Шара ҚР Тәуелсіздік күніне орайластырылған. Бір қызығы байқау жабық түрде өткен. Залда тек қазылар алқасы ғана болыпты. Сондықтан бойда екі есе қобалжу болды дейді бишілер.

Евгений Кузьмин- «Sensitive» би ансамблінің солисті:

-Біз байқауға өте тыңғылықты дайындалдық. Ең бастысы өз қорқынышымыз бен қобалжуымызды жеңдік. Соның арқасында биімізді ойдағыдай орындап шықтық. Жаңа тыныстар таптық. Жалпы Италия өте ғажайып ел.

Бишілеріміз келер жылы Италияға тағы бармақшы. Бұл жолы олар симпозиумға қатыспақ.

 

Магжан Ахмадина