МТРА жаңалықтары

Құлағы мүкіс теріскейлік 11 бала сөйлеу аппараттарына ие болды

Айғаным Гелимова:

-Маған жаңа сөйлеу құрылғысы ұнады. Ыңғайлы. 4 түрлі бағдарламасы бар екен. Мүлде естілмей жатса даусын шығарып, ал тым шулы жерде керісінше дыбысын төмендете аламын.

Ал, Темірлан Файзулин есту қабілетінен 1 жас 8 айлығында айырылған. Ол кохлеарлы имплантация отасын мемлекеттің қаржыландыруымен 2007 жылы жасатыпты. Анасы Балымжанның айтуынша бұның нәтижесі болып, бүгінде 11-сыныпта оқитын ұлының сөйлеу қабілеті де арта түскен.

Балымжан Файзулина – Темірланның анасы:

-Балаларға үлкен сыйлық жасап, Тәуелсіздік күнінің қарсаңында есту аппараттарын алып беріп жатыр. Бұл үшін рахмет. Менің балам осының арқасында ести алатын деңгейге жетті.

“Сөйлеу процессорының” құны 3 млн теңгеден асады. Әрі оны 5 жылда бір рет ауыстырып отыру қажет. Бұны әр ата-ананың қалтасы көтере бермесі анық.

Надежда Завьялова, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектерді оңалту бөлімінің басшысы:

-Осы жылдың қаңтар айында кохлеарлы имп­ланты бар балаларға сөйлеу про­цессорын ауыстыру және алып беру туралы ҚР үкіметінің бұйрығы шықты. Құрылғыға қаражат мемлекет бюджетінен бөлінген. Бірақ, аталмыш аппаратты алу мүмкіндігіне 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар ие.

Жалпы биыл кохлеарлы импланты бар теріскейлік мүмкіндігі шектеулі 11 бала есту құрылғысына қол жеткізіп отыр.

 

 

Акбопе Танирберген