Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл СҚО Кәсіпкерлер палатасы 4 мыңнан астам бизнесменнің шағымын қарастырды

Тұрар Ысқақов – СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

-Жыл басынан бизнесмендерден барлығы 4 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бүгінде соның 25 пайызы шешілді. Осы күні 27 өтініш қарастырылу үстінде. Кәсіпкерлер палатасы бизнесмендерді түрлі теріс факторлардан қорғау үшін бірқатар мемлекеттік және ұлттық компаниялармен меморандум жасасты.

Биыл облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі 8 отырыс өткізген. Сол жиындарда кеңес төрайымы Инесса Қуанова мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығының төмен екендігін байқадым дейді.

Инесса Қуанова – СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрайымы:

-Жыл басынан 8 кеңес отырысы өтті. Жиындарда кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында 34 мәселе қаралды. Сұрақтардың дені жер қатынастары, салық салуға қатысты болды. Және ішкі істер органдары қызметкерлерінінің заңсыз әрекетіне шағымданушылар көп болды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер заңды білместіктен бірнеше рет кәсіпкерлердің құқығын бұзған.

Жиын барысында коммуналдық қызметтерді ұсынатын монополист компаниялардың да заңды өрескел бұзатындығы айтылды. Бизнесмен Екпін Әбиевтің айтуынша, облысымызда кәсіпкерлік нысандарын электр көзімен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапқан жоқ. Мысалы, “Севказэнерго” АҚ кәсіпкерлерге 2 ай бойы техникалық құжатты бермей жүр. Тұтынушы тарап бұл құжатты уақытында алмаса, электр көзіне жұмсалатын әдеттегі шығыннан 2 есе артық қаражат жұмсайтын көрінеді.

Екпін Әбиев – “Екпін 2002” ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

-Қыркүйек айында тапсырған қағаздарымызды “Севказэнерго” АҚ-на әлі күнге дейін қайтарған жоқ. Артынан біз тоқ көзі үшін қыруар қаражат төлеуге мәжбүр болаиыз. Мысалы, мен 100 мың төлеудің орнына ертең 300 мың төлейтін боламын. Сондықтан бұл мәселені облыстық деңгейде тез арада шешу керек.

Биыл кәсіпкерлер кодексі, еңбек заңнамасының нормативті-құқықтық актілеріне толықтырулар енгізілді. Аталмыш заң нормалары 2016 жылы
қолданысқа енгізіледі. Бизнес қауымдастық өкілдері бұл түзетулер өз кезегінде мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің қарым-қатынасын реттеуге септігін тигізеді деген сенімде.

 

 

Берик Касен