Балалар

Тәуелсіздік мерекесінде Петропавлда 280 орындық балабақша ашылды

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті мейлінше тиімді пайдаланып, 2017 жылға қарай мектепке дейінгі білім беру мәселесін біржола шешу керек. Биыл кәсіпкерлердің көмегімен қаламызда 4 бірдей жаңа балабақша тұрғызылды. Бұған бюджеттен бір тиын қаражат бөлінген жоқ. Мұндай мысалмен өңірлердің барлығы бірдей мақтана алмас. Себебі, өзге аймақтарда кәсіпкерлер балабақшаны жаңадан салғаннан гөрі нысанды жалдағанды жөн санайды.

280 орынға шақталған 2 қабатты ғимаратты “Егоровские склады” ЖШС өз қаражаты есебінен тұрғызды. Осы үлесі үшін облыс әкімі Ерік Сұлтанов жергілікті инвесторға өз атынан алғысын білдірді. Мына су жаңа автобусты Тәуелсіздік мерекесінде мекемеге
өңір жетекшісі сыйлады. Көліктің кілтін аймақ басшысы бөбекжай-бақшасының меңгерушісіне тапсырды.

“Егоровские склады” серіктестігінің құрылтайшысы Гарик Бернецян мемлекеттің қолдауы арқасында мешін жылы 3 бірдей шағын балабақшаның құрылысын бастамақшы.

Гарик Бернецян – “Егоровские склады” ЖШС құрылтайшысы:

-Қазір кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Сондықтан, біздің компания бірнеше балабақшаны жаңадан тұрғызуға әзір. Бұл нысан облыс әкімдігінің мұрындық болуымен аз ғана уақыттың ішінде бой көтерді. Жұмыстардың бәрі сапалы, ойдағыдай орындалды деп сіздерге сенімді түрде айта аламын.

Бұдан соң өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов пен кәсіпкер Гарик Бернецян салтанатты түрде жаңа нысанның таспасын қиды. Әдеттегідей аймақ басшысы ғимараттың ішін аралап, одан соң балақайлармен қосылып ҚР-сының Гимнін шырқады.

Осы күні бүлдіршіндер алғаш рет педагогтардың сабағына қатысты. Ата-аналар болса тәрбиешілердің балаларына жақсы білім беретіндеріне сенімді.

Венера Әбілтаева:

-Мен балабақшаның ашылғанына қуаныштымын. Қыздарымды осында орналастырғанан кейін өзім жұмысқа шығамын. Педагогтар балаларыма жақсы тәрбие мен мектепке дейінгі білім береді деген үміттемін.

Бүгінде Петропавл қаласында 11 мың бүлдіршін балабақша кезегін күтуде. Қалалық білім бөліміндегілердің айтуынша, бұл мәселе мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 2017 жылға дейін өз шешімін табады. Айта кетейік, бұл қалада осы жылдың басынан кәсіпкерлердің қолдауымен ашылып отырған 4-ші балабақша.


 

Берик Касен